«Бомба құшақтап отырған сияқтымыз»: Шымкенттік тұрғындар жарылып кетеміз бе деп қорқады

1868
Шымкентте 30-ға жуық көпқабатты тұрғын үй әлі күнге көгілдір отынға қосылмаған. Соның салдарынан бірқатар пәтер иелері қауіпті болса да газ баллонды қолданып жүр. Бетін аулақ қылсын, егер жазатайым оқыс жағдай бола қалған жағдайда бірнеше баспананың күлі көкке ұшуы мүмкін. Сонда не істемек керек? Бір емес,  бірнеше шаңыраққа табиғи газ жеткізу қаншалықты қиынға соғып тұр.
Өткен ғасырдың 50-ші жылдары берілген тұрғын үйдың тұрғындары содан бері газ баллонды жасырып болса да пайдаланады. Оның қауіпті екені рас, әрине. Бірақ, амал қанша. Электр энергиясына қымбат ақша төлегенше, сығымдалған газ баллонын пайдаланған арзан оларға. Сондықтан тұрғындар жетіскеннен емес, жетпегеннен осындай қадамға барып отырмыз дейді, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы«.
Гүлнара Ордабаева қаланың қақ ортасында тұрса да әлі күнге газ баллонды пайдаланып жүргенін айтады. Оның үйі хәкім Абайдың есімімен аталатын негізгі көшенің бірінде орналасқан. Бірақ, сонда да көгілдір отынға қол жеткізе алмай келеді. 11 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйде кілең егде кісілер тұрады екен. Барлығының пәтерінде сығымдалған газ баллоны бар. Тіпті, артығымен әкеп қояды екен.
«Әрине қауіпті. Енді қайтеміз? Газ таусылып қалған кезде тамақ істемей отырамыз ба? Жарықтың бағасы қымбат», — дейді қала тұрғыны Гүлнара Ордабаева.
Қалалық төтенше жағдай департаменті мамандарының сөзінше, Шымкентте 30 шақты көпқабатты тұрғын үй көгілдір отынға қосылмаған. Тұрғындар ас-ауқатты электр пешімен дайындайды. Ал, көпшілігі кәдімгі газ балонын пайдаланады.
«Бомба құшақтап отырған адам секілді отырамыз. Аллаға сыйынып, жарылып кетпесе екен деп тілейміз. Әсіресе, Таразда жарылғанда қатты қорықтым. Енді Құдай сақтасын деп отырмыз. Сақтансаң сақтайды деп», — дейді тұрғындардың бірі Сейдалы Қосалиев.
Көпқабатты үйлерге газ кіргізу әкімдік үшін оңайға түспесі белгілі. Өйткені барлық баспананың заңды жеке қожайыны бар. Әрі үй жекеменшік болғандықтан қазынадан қаржы қарастыру да заңсыз. Тек, сол нысанға дейін ғана газ құбырын тартып бере алады. Қалғаны пәтер иесінің есебінен жүргізілуі тиіс. Сол үшін қала билігі жаңғырту бағдарламасын қолға алып отыр.
«Тек қана, бір бағдарлама бар. Ол бойынша, қаладағы 4 аудан әкімдігі жұмыс істеп жатыр. Жаңғырту бойынша. Сол арқылы мемлекеттен қаржы бөлініп, несие арқылы сол үйлерге газ кіргізуге болады, — дейді қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөзов.
Дегенмен, ақ жағалылар бұл мәселені тездетіп шешпесе болмайды деген жұрт, екі жақты айтысып-тартысып жүргенде аяқ асты бәлеге ұшырап қалуымыз да мүмкін деп қорқып отыр. Сол үшін қауіптің алдын алған абзал дейді олар.