Тоқаев Қазақстанда болған жағдайға мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті деп баға берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Қазақстанда жыл басынан бергі оқиғалар жойқын жоспармен бір тізбектің дәнекеріне айналды, олар ұзақ уақыт дайындалды. Деструктивті күштер Қазақстандағы жағдайды бұзуға бірнеше рет әрекет жасады, бұл әрекеттердің жолы кесілді», – дейді Тоқаев.
Мемлекет басшысы содырлардың әрекеті бір орталықтан үйлестірілгені туралы айтты.
«Алматыда және Қазақстанның басқа қалаларында нағыз шайқастар болды, Алматыда шайқас түнгі сағат 2-ге дейін жалғасты. Алматы мен 9 облыс қарақшылар қолына өтті. Бұл – мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті. Агрессивті шабуыл бір мезгілде 11 облыста болды, бірақ негізгі соққы Алматыға бағытталды. Бұл – ең маңызды көлік-коммуникациялық тораптар шоғырланған елдің ең ірі қаласы және қаржы орталығы. Бұл қаланың құлауы бүкіл халық тығыз орналасқан оңтүстікті, содан кейін бүкіл елді басып алуға мүмкіндік ашады», – дейді мемлекет басшысы.
Ол лаңкестердің қалай әрекет еткенін айтты.
«Лаңкестер өздерінің байланыс құралдарын пайдаланған, олар құқық қорғау органдарының киімін киген. Олар митингіге шығушы халықтың атын жамылған. Содырлар ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің келгенін біліп, Қазақстан президентінің резиденциясын басып алу жоспарынан бас тартты. ҰҚШҰ-ның дағдарыстық жағдайларға ден қою тиімділігін арттыруды ұсынамын. Қазақстанда бейбіт шерушілерге күш қолданды деген айыптаулар – жалған ақпарат. Алматыға гиеналардың үлкен тобыры ағылды, бұл Алматы трагедиясы ретінде тарихта қалады”, – дейді Тоқаев.
Мемлекет басшысы әскери бөлімдерге шабуыл жасау кезінде профессионалды мергендер әрекет еткенін жеткізді.
«Әскери бөлімдерге шабуыл жасау кезінде қарақшылар армия бақылау бекеттері қару-жарақ пен әскери техниканы иемденуге әрекеттенді. Алматыда, басқа қалаларда нағыз шайқастар жүріп жатты. Мәселен, Алматыдағы Ішкі істер департаменті ғимаратының төңірегіндегі ұрыс екі түнге созылды. Полиция лаңкестік әрекеттермен күресті. Бір ғана Алматының өзінде 7 қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасалды. Бұл жақсы дайындалған мамандардың, соның ішінде арнайы мылтықтары бар мергендердің шабуылдары болды. Лаңкестер әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының киімін киіп, жеке байланыс құралдарын пайдаланған. Олар қарапайым халықтың атын жамылған», — деді Қазақстан президенті.