Министрлік кәсіпкерлерді тексерудің жаңа әдісін түсіндірді

1052
Биылдан бастап кәсіпкерлік қызметті реттеуге қатысты бірқатар нормалар күшіне еніп отыр. Былтыр Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойған болатын. Осыған орай, ҚР Ұлттық экономика министрлігі отандық бизнесті қорғау және бақылау шараларын түсіндірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Асланбек Жақыповтың айтуынша, жаңа заңнаманың басты ерекшелігі — мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесін түбегейлі өзгерту.
«Мәселен, биылдан бастап кәсіпкерлік нысандарды таңдап тексерудің орнына «профилактикалық бақылау» деген жүйе енгізіліп отыр. Соның арқасында билік пен бизнестің арасында әріптестік байланыстар күшейіп, тексеруші органдарға деген сенім артуы қажет. Себебі ендігі кезекте кәсіпкерді жазалау емес, кеңес беру, заң талаптарын бұзбауға көмектесу тексерістің басты мақсаты болады», — деді А.Жақыпов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Оның сөзіне қарағанда, кәсіпкерлік нысанда заң бұзушылықтар анықталса, бизнесменге аталған кемшіліктерді жоюға уақыт беріледі. Егер бәрі сол қалпында қалса, мемлекеттік орган жоспардан тыс екінші тексерісті ұйымдастыра алады.
«Осылайша, жаңа жүйе заң бұзушылықтарды азайтып қана қоймай, тексерушілердің псиxологиясын өзгерте алады деп сенеміз. Әйтпесе, бұрын тексерушілердің жұмысы айыппұлдардың санымен бағаланатын. Сонда олар әрбір тексеріс кезінде кәсіпкерге айыппұл салып отырды. Бірақ бір қызығы, ондай шаралар қауіпсіздіктің деңгейін арттырған жоқ, оқыс оқиғалардың саны қалай болды, солай қалды. Сол себепті «профилактикалық бақылау» жүйесін енгізуге шешім қабылданды», — деп атап көрсетті А.Жақыпов.
Бұдан бөлек, тексерістің уақыты да екі есеге қысқарды. Мәселен, профилактикалық бақылау аясындағы тексеріс 15 күннен аспауы тиіс. Бұрын осы санаттағы тексерістер бір айға созылатын. Жоспардан тыс тексерістің мерзімі де бір ай болды. Жаңа заңмен ол үш есеге қысқарып, 10 күнге дейін созылуы шарт. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар тексерісті бір-ақ рет ұзарта алады.