Теңгенің құнсыздануы пәтер мен көліктің бағасына әсер ете ме?

1130

Соңғы үш-төрт күнде доллар бағасы күрт көтерілді. Елорданың айырбастау орындарында доллар 470-475 теңге аралығында сатылса, Алматыда 472 теңгеден саудаланды. Валюта бағамы сағат сайын өзгеріп жатыр. Осыған байланысты астанадағы көп ақша айырбастау пунктері доллар мен еуро сатуды тоқтатқан. Теңгенің құнсыздануы пәтер мен көлік бағасының өсуіне әсер ете ме? Бағаның тоқтаусыз өсуі елдегі жағдайға қалай әсер етуі мүмкін? Осы сұрақтарға сарапшылар пікір білдірді?

 

теңге

Айгерім Жанабаева, экономист: 

Экспортқа байлаулымыз, сол себепті баға да өзгереді

 –  Көрші мемлекеттердегі ахуал біздің елге де теріс әсерін тигізіп жатыр. Ресейге түрлі санкциялардың салынуы рубльдің құлдырауына әкелді. Ал ол елдің негізгі сауда серіктесі – Қазақстан, сондықтан бұл біздің экономикамызға ауыр тиеді. Валюталық интервенция жүргізгеніне қарамастан, Ұлттық Банк әлі де теңгенің еркін өзгермелі бағамы аясында несиелік саясатты ұстанбақ. Осы арқылы Ұлттық банк алтынвалюталық резервті сақтап қалуға тырысуда. Бұл біздің экономикамызға ауадай қажет. Сондықтан сыртқы жағдай тұрақтанбай, нақты ештеңе айта алмаймыз. Жағдайдың қалай өзгеретінін де білмейміз. Егер Батыстың Ресейге деген санкциясы күшейе түссе, бізде де жағдай қиындай түседі. Қазір қаржы нарығының тұрақтылығын және теңгедегі депозиттердің тартымдылығын қамтамасыз ету үшін Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, бюджет есебінен ел азаматтарының теңгедегі депозиттеріне 10% өтемақы төлеу туралы шешім қабылдады. Бұл – дұрыс шешім. Әзірге жағдайды тұрақтар. Дегенмен экспортқа байлаулымыз, сол себепті бағаға да әсері болады.

теңге

Жанар Әкімова, риелтор:

Үй бағасы 25-30 пайызға қымбаттайды

 – Доллар бағамы өскен сайын үй бағасы да өседі. Тіпті, құрылыс материалдары да қымбаттайды. Себебі, құрылысқа қажетті материалдың бірде бірі біздің елде өндірілмейді. Негізінен өзге елдерден сатып алынады. Онда да теңгемен емес, доллар бағамымен есептеледі. Сыртқы фактордың әсерінен бізде де баға көтеріледі. Мысалы, егер жағдай осылай жалғаса берсе, үй бағасы 25-30 пайызға өседі. Бұл жаңадан салынатын үйге ғана қатысты емес, сатылымда тұрған бүкіл үйдің бағасы қымбаттайды. Тіпті, жалдамалы пәтерлердің бағасы көтеріледі. Жаңа жылдан бері баға түскенімен, маусым кезінде қымбаттауы мүмкін.

теңге

 Қуаныш Тойшыбеков,

«Академия Яппи» компаниясының бас директоры:

Екі жұма ішінде көлік бағасы да қымбаттауы мүмкін

– Қазір алдымызда қызық дилема тұр. Жақында ғана елімізде утильалымды 50 пайызға түсірді. Осыған байланысты кейбір компаниялар көлік бағасын түсіретінін де жеткізді. Екіншіден, бастапқы жарнасыз 4 пайызбен 7 жылға көлікке байланысты жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы қосылатын болды. Әрине, ресми түрде бағдарламаның қашан қосылатыны айтылмаса да Үкімет тарапынан мәселеге қозғау салған. Бұл дегеніміз – халық үшін жақсы мүмкіндік. Өйткені көлік алуға жағдай жасалып отыр. Тіпті, демалыс күндері арнайы 3-4 автосалонға барып, тексеріп те көрдім. Желтоқсан айында елордадағы автосалондарда көлік жоқ болса, қазір 10 миллионға дейінгі машиналар бар болып шықты. Жеңілдетілген несиені біліп, хабарласып жатқандар да көбейген.

Алайда әлемдегі жағдай, әсіресе Ресей мен Украинадағы қақтығыс көршілес жатқан бізге кері әсерін тигізіп жатыр. Алдымен теңге құнсыздануда. Салдарынан астанадағы ақша айырбастау пунктері жабық. Қор биржасы да түстен кейін ғана ашылады. Егер доллар бағасы өсіп, теңге құнсыздана берсе, тұрмыстық қажеттіліктерден бастап барлығы қымбаттайды. Көліктің де бағасы өседі. Ондайда ендігі мәселе, бұл қымбатшылық бізге қашан келеді? Меніңше, алдағы екі жұмада құмбатшылыққа ұшыраймыз. Сондықтан әліптің артын бағайық. Мүмкін жағдай тұрақталар.