«Шаруа үшін шайқастың шешімі шықты» – ауыл шаруашылығы сарапшысы (ВИДЕО)

998

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығын дамытуға қомақты қаржы берілетінін айтты деп хабарлады turkystan.kz.

Ол ішкі нарықты отандық өніммен ғана қамтамасыз етпей, оны сыртқа шығарудың маңыздылығын айта келіп, осы мақсатта Үкімет ауыл шаруашылығын қаржыландыру үшін тиісті қаулыны қабылдағанын жеткізді.

«Осы жұмыстарға 70 млрд теңге бюджеттік несие бөлінді. Сонымен бірге науқандық жұмыстарға тағы 70 млрд теңге берілетін болады. Мемлекеттен егіндік жұмыстарға барлығы 200 млрд теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр», – деді Ә.Смайылов.

Сондай-ақ ол Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдеріне көктемдегі егіс жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізуді, әлеуметтік маңызы бар дақылдар мен жем-шөпті жеткілікті көлемде егуді қамтамасыз етуді тапсырды.

«Былтыр еліміздің кейбір өңірлерін жем-шөппен қамтамасыз етуде проблемалар болды. Биыл ол жағдай қайталанбауы тиіс», – деді ол.

Осыған байланысты ауыл шаруашылығы сарапшысы Алмасбек Садырбаев өз ойын айтты. Ол көп уақыттан бері елдегі қуаңшылықтың қиындығымен және аграрлық салаға берілетін тиісті қаржының шаруаларға жетпей жатқанымен күресіп жүргенін айтып, бүгінгі Үкіметтің шешіміне ризашылығын білдірді.

«Еститін Үкімет» қағидаты, міне, осылай жұмыс істейді. Өткендегі шайқасты көрдіңіздер, енді шешімі осы. Әлихан Асханұлы, респект! Әріптестер, жұмысты бірге жалғастырайық!» – деп сол шиеленісті қолдан жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевті отставкаға жіберуді ұсынды.