Кәмпит пен печенье енді саудада болмайды: Қазақстанда кондитерлік фабрикалар жабылып жатыр

1489

Елімізде қанттың жетіспеушілігінен қазірдің өзінде кейбір кондитерлік фабрикалар жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр. Өйткені бүгінге дейін Ресейдің құмшекеріне тәуелді болған отандық кондитерлер, көрші ел қантты экспорттауға тыйым салғалы бері тәтті өнімді қайдан алатындарын білмейді. Тіпті ірі компанияларда да небәрі бір айға жететін шикізат қалған. Сондықтан кәсіпкерлер жауапты министрлік мәселені шешуге шұғыл араласуы керек дейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда кәмпит пен печенье сияқты тәтті өнімдердің бағасы 40 пайызға дейін қымбаттаған.

«Петропавловск кондитер» компаниясы печенье, пряник сияқты тәттілердің 150 түрін өндіреді. Кәсіпорын басшылығы қантты шикізат ретінде толығымен Ресейден сатып алып жүрген. Бірақ наурызда көрші ел құмшекерді экспорттауға тыйым салғаннан бері не істерімізді білмейміз дейді. Айтуларынша, тәттілерді шығаратын шикізат жетіспегендіктен, кәсіптері тұралаған. Сондықтан, жақын күндері тіпті жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр екен.

“Қазақстандағы зауыттар қантты қайда жіберіп жатқанын білмеймін. Бізге қант жоқ дейді. Егер құмшекер болмаса кондитерлік өнімдер де шығарылмайды. Сол себепті бір-екі күнде жұмысты уақытша тоқтатуға мәжбүрміз”, – дейді «Петропавловск кондитер» серіктестігінің директоры Евгений Шевелев.

Кондитерлердің айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ елімізді Ресей қантына тәуелді етіп қойған. Өйткені одаққа мүше емес елдерден шекер алатын болсақ, әр тоннасына 340 доллар көлемінде кедендік баж салығын төлеуіміз керек. Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстан жылына 500 мың тонна қант тұтынады. Бірақ соның небәрі 40 мың тоннасын өзімізде өндіреді екен. Яғни, Тараз бен Алматы облысындағы зауыттар ішкі қажеттілікті қамтамасыз ете алмайды.

“Қалған қажеттілікті жабу үшін алыс шетелдерден баж салығынсыз қант әкелуге келісімдер жүргізіліп жатыр. Еуразиялық экономикалық комиссия шеңберінде келіссөздер жүріп жатыр. Одаққа мүше елдер бұған келісім береді деген сенімдеміз”, – дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент директоры Назгүл Хатепова.

Ал Қазақстан кондитерлер қауымдастығының президенті ірі өндірушілердің өзінде де бір айға жетер-жетпес қант қалғанын айтады. Сондықтан қысқа мерзім ішінде шекерді жеткізу керек дейді.

Ресейден басқа қантты Үндістан мен Бразилиядан импорттай аламыз. Енді олармен келісімге келіп, шарт жасасқанша екі ай өтеді. Ол жақтан қантты жеткізу де оңай емес. Логистика мәселесін ойластыруымыз керек. Соның бәрін қосқанда біз жазға дейін әлі қантсыз отыратын түріміз бар”, – дейді ҚР Кондитерлер қауымдастығының президенті Әлихан Талғатбек.

Соған сәйкес алдағы уақытта кондитерлік өнімдердің бағасы 20 пайыздан 40 пайызға дейін өсуі мүмкін. Өйткені қантты импорттауға кететін шығындар да көбейеді дейді мамандар.