50 млн теңгеге 230 м² пәтер: Шенеуніктер қандай үйде тұрады?

1513
Бүгін Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа шенеуніктер мен қарапайым халықтың өмір сүру сапасына қатысты депутаттық сауал жолдады.
«Ақ жол» фракциясы бұған дейін де шенеуніктердің асқан тәбеті мен олардың бақуатты өмір сүруге талпынысы жайлы, және бұның барлығына қарапайым салық төлеушілердің қаржысы жұмсалатыны туралы мәселе көтерген болатын. Қазір жер-жерлердегі кішкентай басшылардың өздері, колледж бен облыстық филармония директорына дейін тамаша джиптер мен седандар сатып алады. Әкімдіктерді айтпағанның өзінде жағдай солай. Енді биыл мемлекет есебінен тұрғын үй саласындағы жеңілдіктерді пайдаланудың заңсыз фактілері анықталып жатыр. Жақында ғана Павлодарда бағасы 50 миллион теңге тұратын аумағы 230 м² пәтердің және жалпы сомасы 226 млн теңге болатын қолайлығы жоғары бес пәтердің сатып алынуына қатысты дау шыққан болатын. Және де, бұл жағдайдың біреу емес екені анық, бұл тек мәселенің бір ұшы ғана», — деді Қазбекова.
Депутаттың айтуынша, биылғы жылғы қыркүйекте Атырау қаласының әкімдігі жиһазы бар бес бөлмелі тұрғын үйді 58 млн тенгеге сатып алған.
Мәжілісмен Өскемен, Шымкент, Көкшетау қалаларында да элиталы баспана сатып алынғанын атап өтті. Ал Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласында аудан әкімінің зәулім үйін жөндеу үшін бюджеттен 24 млн теңге бөлінген екен.
«Бұл тек баспасөз бен қоғамға белгілі болған фактілер. Ал шын мәнінде қалалар мен аудандарда олардың нақты саны қанша екенін болжауға ғана болады. Бұл нысандардың қаншасы шынайы бағамен алынғаны, ал қаншасы қымбат бағамен қаржы жымқыру үшін алынғаны да белгісіз. Ал, елімізде мыңдаған қарапайым азамат ипотекасын төлеу үшін көп нәрседен бас тартады. «7-20-25» бағдарламасы бойынша да пәтерлер бағасы шектелген әрі төлемдерін де міндетті түрде жасау керек. Осындай жағдайда кейбір шенеуніктердің ештеңеден бас тартпай, керемет өмір сүруге ұмтылуы сын тудыратыны анық. Шенеуніктердің өздері тұратын объектілерді жеңілдікпен жекешелендіріп алатынын да жоққа шығаруға болмайды. «Ақ жол» фракциясы шенеуніктердің қызметтік баспананы мемлекет есебінен алу олардың қарауында болмауы керек және ол баға параметрлерімен әрі рұқсат етілген ауданмен реттелуі тиіс деген пікірде», — деді Меруерт Қазбекова.
Мәжіліс депутатының айтуынша, осыған орай мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдардың қызметтік баспана саласын тексеру керек. Тексеру нәтижесін Парламент пен қоғамға жеткізу қажет. Екіншіден, заң бұзышылықпен қоса, әдеп бұзушылық анықталған жағдайда, кәнілілерді жауапқа тарту керек. Үшіншіден, мемлекеттік қызметкерлерді қызметтік баспанамен қамтудың нақты талаптарын бекіту қажет. Төртіншіден, қолайлы әрі кеңірек баспанада тұрғысы келетін мемлекеттік қызметкерлерге соған өз қаржысымен қол жеткізу мүмкіндігін қарастыру керек.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
baq.kz