Түркістан облысында жұмысы орталыққа көшетінін естіген бухгалтерлер шу шығарды

1117
Түркістан облысының ауыл аймақтарында орналасқан мектеп интернаттарының 80 бухгалтері жұмыссыз қалмақ деп хабарлайды NUR.KZ.
Өңірде 2019 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап 80 бухгалтер қысқартуға ұшырайды. Өйткені, Түркістан облысында дарынды балалар және арнайы мектеп интернаттарының есеп қисап жүйесі орталықтандырылмақ.
Бұл жаңалық жай түскендей әсер еткен арнаулы мектеп интернат есеп қисапшылары «енді қайтпекпіз?!» деп өре түрегелді.
Ашынған қызметкерлер бұл туралы ертерек хабарланбағанына күйініп отыр. Себебі шілде айында шығарылған хаттама енді ғана қолдарына тиіп отырғанын айтады.
«Жасым 53-тен асты. Зейнетке жақындағанда қайда барып жұмысқа тұрамын?! Маусым-шілдеден белгілі болған бұл жаңалығын облыстық білім басқармасы неге жасырып келген?! Ала жаздай жан-жақтан жұмыс іздер едік қой. Барар жерге барар ек. 60 мың теңге айлық үшін енді сонау 300-400 шақырым шалғайдағы Түркістанға барып жұмыс істеу тіптен теріс боп тұр», — дейді Қазығұрт аудандық мектеп интернатының бухгалтері Сағила Байтөреева.
Ал Түркістан облыстық білім басқармасындағылар есеп қисап жүйесін орталықтандыру тиімді, әрі жемқорлықтың алдын алады деп отыр.
«Заң талаптары бойынша біз 15 күн алдын хабар беруіміз керек. Ал біз бір ай бұрын хабардар еттік. 28-ші қарашада бұйрық шыққан. Сол күні ақ білім ошақтарының басшыларына жолданған. Ешкімді де жұмыссыз қалдырмақ емеспіз», — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Амантай Өсербаев.
Айта кетейік, Түркістан облыстық білім басқармасындағы орталықтандырылған есеп қисап бөлімінде бекітілген жұмыс орны 55 қана.