Министрлік өкілдері Шымкенттегі ауруханалар жұмысымен танысты

2137
Шымкент қаласына ҚР денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Төкежанов бастаған жұмысшы топ келді. Қонақтарды қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова бастаған топ күтіп алды. Министрлік өкілдері алдымен қалалық №2 аурухананың жұмысымен танысты. Көпсалалы ауруханада тұрғындарды қабылдау, цифрлық қызмет көрсету жұмыстарымен аурухананың бас дәрігері С.Пернебеков таныстырды.
– Елбасы медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыруда бірқатар тапсырмалар берді. Біздің сапарымыздың мақсаты – үш мәселені, яғни, учаскелік дәрігерлердің жалақысының өсуі, ауруларды басқару бағдарламасы және медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзгерістерді мамандарға түсіндіру. Елбасы Жолдауындағы тағы бір тапсырмаға сәйкес биыл «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жобасы дайындалуда. Осыған сәйкес, еліміздің түкпір-түкпіріндегі медициналық мекемелердің жұмысымен танысып, туындап жатқан мәселелер сараланады,- деді ҚР ДСМ жауапты хатшысы Болат Төкежанов.
Жұмысшы топ қаладағы басқа да медициналық мекемелердің жұмысымен танысып, диагностикалық орталықта медициналық қызмет көрсету стандарты сынды бірнеше тақырыптар бойынша семинарлар өткізді.
Дереккөз:ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ