Білім және ғылым министрлігі тестілеу кезінде қайтыс болған педагог жайлы пікір білдірді

1084

Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова ұлттық біліктілік тестін тапсыру кезінде қайтыс болған педагог жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Алматылық әріптесіміздің отбасы мен жақындарына көңіл айтамын. Білім және ғылым министрлігі телеграмма жолдады. Алматы қалалық білім басқармасы марқұмның отбасына қажетті көмек көрсетеді. Әріптесіміздің созылмалы дертке шалдыққаны және оның жүрек ауруы бойынша есепте тұрғаны белгілі. Білім саласының өкілдері әріптесіміздің туыстарының үйіне барғанда оның соңғы кездері өзін нашар сезініп жүргенін, тестілеу күні таңертең де өзін жайсыз сезінгенін айтқан. Жақындары үйде қалуға кеңес берген. Естеріңізге сала кетейін, мұғалімдер денсаулығы нашарлап, өзін нашар сезінген жағдайда тестілеуге бармауына немесе күнін басқа мерзімге ауыстыруына болады. Мұндай мүмкіндік қарастырылған», — деп жазды Шолпан Каринова Facebook парақшасында.

Айта кетейік, педагог алғаш рет 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап мұғалім қызметін атқара бастаған. Сондықтан жаңадан келген мұғалім ретінде ол санатсыз жұмыс істеді және оған аттестациядан өту міндетті болмады.

«Біздің ақпаратымызға сәйкес, педагог өзін сауатты, талантты ұстаз ретінде танытқан. Туыстарының айтуынша, ол өз біліміне сенімді болған. Сол себепті ҰБТ-ға мерзімінен бұрын жазылған. Осындай қайғылы жаңалықтарды пайдаланып, әлеуметтік желілерде мұғалімдердің өз-өзіне қол жұмсауының бірнеше оқиғасы туралы фейктер көптеп таралып жатыр. Бұл — жалған ақпарат» дейді Шолпан Каринова.