Мәжілісте биылғы бюджетті нақтылау кезінде Алматы, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында екі мыңға жуық мұғалімнің айлығы өсетіні белгілі болды, деп хабарлайды ”Адырна” ұлттық порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Мәжіліс депутаты Жәмилә Нұрманбетова мұғалім жетіспеушілігі жоғары өңірлерде үздік педагогтерді қолдаудың тиісті жобасы бар екенін айтты. Оның сөзінше, жоба аясында Алматы, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында 2 мыңға жуық мұғалімді тарту үшін 3,9 млрд теңге көзделген.
«Осы ретте лауазымды қызметкердің жалақысын арттыру үшін қаражат қарастырылған. Одан бөлек, әлемуеттік қолдау шараларына қаражат бөлу көзделмеген. Ал өзге өңірлерден көшіп келген ұстаздарды баспанамен қамту сияқты мәселе қарастырылған ба?» деген сауал жолдады.
Білім және ғылым министрлігі Асхат Аймағамбетов бұл бағдарлама биыл қыркүйек айынан басталатынын, сол сияқты жалақы үшін жалпы сомасы 3,9 млрд теңге қарастырылғанын және әлеуметтік мәселелелерді шешу қаралғанын айтты.
«Яғни, бұл өңірге барған мұғалімдер екі есе жалақы алады және баспана жалдау ақысы мен коммуналдық шығындары өтеледі. Мысалы, мұнайлы ауданға басқа өңірден мұғалім көшіп баратын болса, айлығы 790 мың теңгеге жуық болады. Бұл жобаға қатысатын мұғалімдердің біліктілігі жоғары болу керек. Магистратурада оқыған маман болуы керек. Олар арнайы іріктеу емтихандарынан міндетті түрде өтеді. Талаптарға сай болған ұстаздар аталған өңірлерге көшіп барып, екі есе жоғары жалақы алады», — дейді министр.
”Адырна” ұлттық порталы