Тонналап қызанақ тергізген полицей жұмысшы әйелдердің ақшасын бермей қойған

1663

Сарыағаштық учаскелік инспектордың жылыжайынан қызанақ терген әйелдер еңбекақыларын ала алмай қалған. Ашынған жұмысшылар келісілген ақшаның орнына, полицейден қоқан-лоққы көрдік деп отыр.

Бейнежазба Сарыағашта түсірілген, деп хабарлайды Экспресс К.

Еңбекақыларын ала алмай жүрген әйелдердің бейнежазбасын журналист Гүлмира Әбіқай өзінің Instagram-дағы парақшасында жариялады. Онда жәшікке қатталған және тау болып үйіліп жатқан қызанақты көруге болады.

Жалдамалы жұмысшылар өнімді учаскелік инспектордың жылыжайынан таңнан кешке дейін жинапты. Айтуларынша, жеме-жемге келгенде келісілген ақшаны инспектор бермей қойған. Керісінше өздеріне атылып, қоқан-лоққы көрсетіпті.

«Мынау Берік деген Сарығаштың учаскелік инспекторының 40 сотық жылыжайы. Соның қызанағын азаннан кешке дейін тердік. Түске дейін 6 мың теңгеге келіскенбіз. Бірақ қызанақ көп шықты да кешке дейін бәрін теріп бітірдік. Енді қайтатын кезде 12 мың емес, 9 мың ғана беріп тұр. Қорқытып жатыр, быт-шытыңды шығарамын, ақшаңды бермеймін — дейді. Учаскелік полицейлер осылай істесе, не істеуге болады?!», — дейді бейнежазбадағы әйел.

Әзірге бейнежазбадағы әйелдердің кім екені және инспектор Берік туралы нақты ақпарат жоқ.