Озық елдерге жол ашатын Жолдау

1839
Мемлекеттің ең басты байлығы – адам және оның өмір сүру деңгейінің жоғары болмағы дегенді Елбасы үнемі қадағалап отырады. Екіншіден, халықты әлеуметтік қолдаудың мысалына 2019-жылдың 1-қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе арттыруды атауға болады. Бұл – жалақы бүгінгі 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін өсіріледі деген сөз. Бюджеттен еңбек ақы алатын 275 мың қызметкердің табысы орта есеппен 35 пайызға дейін артатын болады. Бұлардың бәрін адам капиталына салынған инвестиция деп ұғу керек.
Қазіргі таңда Қазақстан Орталық Азияда көшбасшылық рөлге ғана ие емес, өзінің көптеген инновациялық бастамаларын жүзеге асыру нәтижесінде аз ғана уақыттың ішінде әлем елдері арасында үлкен беделге ие болды. Қазақстан бүгінге дейін 300 млрд АҚШ доллары көлемінде шетелдік тікелей инвестиция тартқан. Сондай-ақ, Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін ұйымдастырды. Қазіргі кезде Қазақстан Дүниежүзілік банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде 190 елдің ішінде 36-шы орында тұр. Президенттің 2018-жылдың 5-қазандағы Жолдауы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбымен жарияланды. Онда барша қазақстандықтарды толғандырып жүрген мәселелерге баса назар аударылған. Нақтылай айтқанда, Жолдауда халық табысын, өмір сүру сапасын арттыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат құру және Қазақстанның әрбір азаматын жаңа өзгерістерге бейімдеу мәселелері қамтылған.
Биылғы Жолдаудың ең басты ерекшелігі – қоғам өмірінің барлық саласын қамтуында. Экономика, құқық қорғау, бизнес, білім мен ғылым, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы, мәдениет және руханият саласының сан қырлы мәселелері қамтылып, нақты шаралар мен шынайы шешімдер ұсынылды. Ғылым, медицина, денсаулық сақтау салалары да – мемлекеттің ең басты тірегі адам капиталын дамытудың, азаматтардың тұрмыс сапасын арттырудың ең негізгі тетігі.
Жолдауға еліміздің білім беру жүйесін әлемдік стандарттарға бағыттайтын жаңашыл бастамаларға басымдық беріледі. Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы қажеттігі айтылады. Назарбаев зияткерлік мектептері – Қазақстанның білім нарығының көшбасшысына айналған бірден-бір бренд. Орта білім беруде әлемнің ең озық әдістемелері осы мектептерде бірнеше жыл бойы сын, тәжірибе тезінен өткізілді. Ендігі кезекте мемлекеттік мектептерде қолданылса, білім сапасының артуына септігін тигізері хақ. Елбасы мектепке дейінгі балабақшадағы қызметкерлерінің еңбекақы жүйесін қайта қарау керектігін де атап өтті. Бұл да білім беру саласындағы қызметкерлердің әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған нақты қадам болмақ. Ең бастысы, Елбасының педагог мәртебесі туралы заңды қабылдауға байланысты шешімі еліміздегі ұстаздар қауымы тарапынан зор қуанышпен қабылданып жатқанын атап өтуіміз қажет. Қасиетті мамандықтың қадірін қашырып, ұстаздар қауымын елеусіз қалдырып келгеніміз жасырын емес. Жер-жерлерде билік өкілдері ұстаздарға қосымша жүк артып, оның міндетіне жатпайтын жұмыстарды атқарып, көше сыпыртып, еден жуғызып, үй-үйді аралатып сайлаудың да науқанына салып қоятынын естіп, көріп, біліп жүрдік. Бірақ, бұл мәселені, «жабулы қазан жабулы» күйінде қалдыруға болмайтыны анық еді. Ақпарат ағыны күшейіп, дәстүрлі құндылықтардың құлдырап, қоғамның кейбір топтары ақ-қараны айыра алмайтындай жағдайға жеткен жаһандану дәуірінде қашан да қастерлі миссияны арқалаған қасиетті мамандық иелерінің мәртебесін заңмен бекітіп, қорғауға міндеттіміз.
Елбасының Қазақстан халқына әр Жолдауына ел тұрғындары үмітпен қарайтындығы белгілі. Ал, жаңа міндеттерді атқаруды жүктейтін «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауы әрқайсысы бірнеше міндетті жүзеге асыруды талап ететін әл-ауқатымыздың алтын қадамын көрсетеді.
Біріншіден, халық табысының өсуі. Тұрғындардың тұрмыс деңгейі – халықтың табысы мен шығысын білімі мен біліктілігінің дәрежесін, тіршілік әрекеттерінің шарттарын және қоршаған ортаның жағдайын танытатын күрделі әлеуметтік-экономикалық категория. Халықтың өмір сүру деңгейін арттыру дамыған қоғамның негізгі мақсаты болып табылады. Халық табысының өсуі қоғамдағы экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ете отырып, халықтың ұзақ қауіпсіз және әл-ауқатының табысты шарттарын құрады. Демек, халық табысының өсуі осы міндеттерді жүзеге асыру деңгейін арттыру арқылы маңызды болмақ.
Екіншіден, тұрмыс сапасын арттыру. Тұрмыс сапасы – мағынасы кең ұғым. Ол материалдық әл-ауқаттың құрамдасы болып табылатын өмір сүру деңгейі, эмоциялықтың құрамдас бөлігі саналатын өмірге деген көзқарас және уақытша қалыптасатын өмірдің болашақ құбылыстарының жиынтығы. Аталған құрамдастардың әрбірі адамзат үшін маңызды. Өмір деңгейі адамның материалдық жағдайы, әлеуметтік мәртебесі мен құзыреттілік деңгейін көрсетеді. Өмірге көзқарас адамның жеке басы мен қоршаған ортаға эмоциялық қатынасымен тығыз байланысты. Бұл құбылыстардың толыққанды қалыптасуы адамның өмірлік болашағын жүзеге асыруға көмектеседі. Жолдауда тұрмыс сапасын арттыру үшін білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу, мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту, білім сапасын бағалау жүйесін халықаралық стандарттарға негіздеу, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау, медициналық қызмет сапасын арттыру, өңірлік деңгейде бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру секілді міндеттерді жүзеге асыру мәселелері сөз болды.
Үшіншіден, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру.
Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру – қазіргі қоғамның заманауи экономикалық үлгісінің көрінісі. Сондықтан, әрбір азамат тұтыну, қарым-қатынас жасау мен өмір сүрудің жайлылығын жасауға ұмтылады. Қоршаған ортаның жайлылығы ең алдымен тіршілік әрекетінің қауіпсіздігімен байланысты. Мемлекеттік саясат адам өміріне қолайлы және мұқтаждықтардың орнын толтыруға бағытталған сайын қоғам серпінді түрде дамиды. Көптеген сарапшылар да дұрыс айтады, жайлы орта қалыптастырған сайын біз экономиканы да тиімді басқара аламыз. Бұл үшін, Жолдауда айтылғандай, сапалы әрі қолжетімді тұрғын үй, еліміздің аумақтық дамуына жаңа тәсілдер енгізу, құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер енгізу, сот жүйесін одан әрі жаңғырту маңызды.
Төртіншіден, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат. Мемлекеттік басқару мен саясаттың бюрократиялық үлгісінен бас тарту және мемлекеттік істерді заман талабына сай жаңа парадигмалар бойынша жұмыс жүргізудің де маңызы зор. Бүгінде қазіргі заманның жаңа құндылықтары мен жаһандық сын-тегеуріндеріне жауап беруге бағытталған тұжырымдамалар ғана азаматтар сұранысына бейімделеді. Сонымен қатар, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат азаматтың қоғамның дамуындағы маңызды қадам болмақ. Сондықтан, Елбасы мемлекеттік аппаратты өзгертудің міндеттерін ұсынды: мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру, әрбір теңгенің қайтарымының мол болуына қол жеткізу, сыбайлас жемқорлықпен белсенді күресті жалғастыру, үкімет пен барлық мемлекеттік органдардың жұмысында формализм мен бюрократияны азайту, реформалардың жүргізілуіне бақылау механизмдерін күшейту.
Бесіншіден, тиімді сыртқы саясат. Шындығында тиімді сыртқы саясат елдегі реформалар мен өзгерістерді сәтті жүзеге асырудың маңызды шарты. Еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап үлкен жолдардан өтті. Еліміздің көп векторлы сыртқы саясаты егемендігіміз бен мемлекеттігімізді нығайтуға, халықаралық қатынастар жүйесіне енуге мүмкіндік берді. Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтың толыққанды мүшесі болуын қамтамасыз етті. Елбасы еліміздің бейбіт сүйгіш бағыты мен осы саладағы нақты айқындалған қағидаттары өзін-өзі толық ақтап отырғанын баяндады. Ресей Федерациясымен қарым-қатынас, орталық Азия өңірлеріндегі ықпалдастық, Қытай Халық республикасы және Америка құрама Штаттарымен стратегиялық серіктестік, Еуропалық одақпен қарқынды ынтымақтастық сынды мемлекетаралық байланыстарды ерекше атап өтті.
Алтыншыдан, әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерісіне атсалысуы. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, елдегі өзгерістер үдерістеріне азаматтардың қатысуы елдің жаһандық сын-тегеуріндерге сай жаңғыруын жетілдіруге септігін тигізеді. Сондықтан, Мемлекет басшысы елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың мәні және оның елді өркендету жолындағы маңыздылығын жете түсіну қажеттілігі жөнінде айтады. Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғам мүшелерінің ортақ мақсатқа жұмылуын үндейді. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шаралар платформасын қалыптастыру керектігін айта келе, келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға арнайы «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске қосу арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілету маңыздылығын атап өтті.
Жолдауда баяндалған әл-ауқат өсуінің алты бағыты табыс пен тұрмыс сапасын арттыру арқылы ел тұрғындарының әл-ауқаты өсімінің кепілі болады және осы құжаттың негізгі міндетін көрсетеді. Елбасы Қазақстанның бағындыратын биіктерінің әлі алда екендігін айта келе, осы жолда халық сенімі рухымызды жігерлендіріп, бойымызға күш-қайрат дарытып, осы сенімді ақтау мұратын белгілейді.
Дүниежүзілік банктің рейтингінде АҚШ-та ұлттық байлықтың – 76, Батыс Еуропа елдерінде – 74, Ресейде – 30, ал, Қазақстанда 10-12 пайызы адам капиталын дамытуға жұмсайды екен.
Сондықтан да, Елбасының «Қазақстан – 2050 стратегиясы» қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында адам капиталын 6 есе арттыруды тапсырған еді.
Қорытындылай келе, 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қазақстандықтандың өмір сүру сапасын дамыған елдердің өмір сүру стандарттарына жақындата түсетіні анық.
Е.ТІЛЕПОВ,
Қазығұрт ауданы