ЖҮЙЕЛІ РЕФОРМАЛАР – БОЛАШАҚТЫҢ НЕГІЗІ!

794

Қазіргі таңда республика көлемінде өткізіліп жатқан жалпыұлттық референдум өзінің ерекше сипатымен көрініс тапты. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, Төл құжатымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде халықтың атынан сайланған халық қалаулыларының міндетінен біршама алшақтап, тікелей халықтың үнімен қолдауды қажет ететін референдум тарих бетінде қалары анық.

​Бүгінгі күні халықтың саясатқа деген қызығушылығы күннен-күнге артып келе жатқанын аңғаруға болады. Әсіресе, ақпараттың дамып, технотронды қоғамда негізгі бағыттар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге мән берілгенін айта аламыз. Барлық азаматтар саясаттан хабары бар екенін білдіріп, өткізілетін референдумда қандай өзгерістер болатынын сұрап, нақтылап жатқанына куә болдық. Сондықтан, саяси мәдениет пен саяси белсенділікті қалыптастыруда елімізде жүйелі жұмыстар атқарылып жатқандығының дәлелі деп түсінуіміз тиіс.

​Тәуелсіздік алғалы бері саяси реформалар іске асрылып, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Президенттің өкілеттігін ұзарту туралы 1995 жылы қатарынан екі референдум халықтың дауыс беруімен қабылданған еді. Ал, бүгінгі референдум – Жаңа Қазақстанды құрудағы екніші республиканың негізін қалаудың алғышарттары деп білемін. Қазіргі уақытта қаламызда халықтың дауыс беру учаскесіне келуі белсенділіктерімен ерекшелініп отыр. Барлық азаматтардың Жаңа Қазақстанды құру жолындағы Ел Президентінің саяси реформаларына үлес қосуы – азаматтық ұстанымдарының бар екенін көрсеткіші деуге негіз бар.

​Дауыс берушілердің легі өте жоғары дәрежеде екенін жеткіземін. Әр дауыс беруші – еліміздің болашағы үшін атсалысып, өзгерістерге көз жеткізгісі келетіні анық. Мұнда барлық саяси тетіктерге жүйелі түрде өзгерістер енгізіліп, дамудың тиімді жолы іске асады деген сөз. Сондықтан бұл референдум мынадай ерекшеліктермен сипатталады: халықтың азаматтық ұстанымдарын қалыптастырады; азаматтар билікке деген сенімділігі артады; мемлекеттің аса маңызды шешім қабылдауда тұрғындармен санасады; елдің мүддесі үшін халықтың үні ескерілді; халық үшін, халық игілігіне, халықтың шешімі маңызды екенін тағы да дәлелдейді. Бұл тікелей демократияның белгісі. Яғни, азшылықтың, көпшіліктің талабына құлақ асуын нақтылай түсті. Сондай-ақ референдумның қоғам үшін қажеттілігі өркениетті елдің негізі болмақ. Азаматтар дұрыс талап қоя білсе, қоғам алға жылжып бірқалыпты эволюциялық жолмен дамитыны анық. Бұл өзгерістер – сәтті жоспарлар мен стратегиялардың іске асуына бастама болады деген сенімдемін.

Байқонысов Ербол Рәбілұлы, саясаттанушы, саяси ғылымдарының магистрі, PhD докторант.