ШЫМКЕНТ: ШОМЫЛУ БАССЕЙНДЕРІНДЕГІ САНИТАРИЯЛЫҚ ТАЛАПТАРДЫҢ САҚТАЛУЫ БАСТЫ НАЗАРДА!

851

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығының брифинг алаңында Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметовтің қатысуымен брифинг өтті.

Кездесуде спикер демалу орындары мен жазғы шомылу бассейндеріндегі санитариялық талаптардың сақталуын бақылау СЭС мамандарының басты назарында екендігін жеткізді.

«Шымкент қаласы аумағында 17-ден аса жазғы шомылу бассейндері бар. Маусымдық шомылу кезеңінің басталуына байланысты, түрлі инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында, мониторинг бойынша 2022 жылдың маусым айында су айдындарындағы судың сапасын бактериологиялық зерттеулерге 15 сынама, санитариялық-химиялық зерттеулерге 15 сынама су алынды, нәтижесі санитариялық нормаларға жауап беретіндігі анықталды», — деді спикер.

Өндірістік зертханалық бақылау тәртібі бойынша жүргізілген талдау нәтижелері қанағаттанарлықсыз болған жағдайда, ақпарат 24 сағат ішінде міндетті түрде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне жіберіледі. Бұл жағдайда бассейн жабылады, бассейннің қалыбы шайылып, дезинфекцияланады, күрделі жинау, қажет болған жағдайда қосымша микробиологиялық және паразитологиялық зерттеулер жүргізіледі.

Сондай-ақ спикер жазғы шомылу маусымы кезінде шомылу және демалу үшін арнайы шомылу орындарын таңдау керектігін, субұрқақтарда шомылуға болмайтынын, субұрқақтардағы су санитариялық талаптарға сәйкес келмейтінін, бұдан бөлек, әртүрлі ішек инфекцияларын жұқтырып, жарақаттану қауіпі барын, ескертті.

Демалыс орындарына барған кезде мынадай қауіпсіздік шараларын сақтау қажет:

  • Жағажайда қоршалған жерлерде сақ болу керек. Қоршаудың шегінде жүргенде әсіресе балаларды, олардың отырған (орналасқан) жерлерін бақылап, көз қырын салып отыру қажет;
  • Күн соққысының (бастан күн өту) алдын алу мақсатында баскиім киіп, шатыр немесе қолшатыр астында отыру керек;
  • Кене шағу мен шыбын-шіркейдің алдын алу үшін арнайы құралдарды (репелленттерді) қолданып, киімді дұрыстап, мұқият киюді қадағалау керек. Сосын киімді және теріні жиі-жиі тексеріп тұру керек;
  • Ішек инфекциясының алдын алу үшін жеке гигиенаны сақтау керек. Су айдындарынан су ішпеу керек. Өзіңізбен бөтелкедегі суды үнемі алып жүру қажет және тек жуылған жемістер мен көкөністерді жеу керек.

Шомылатын аумақтың жай-күйіне (тұрмыстық және құрылыс қалдықтарымен қоқыстануы), су бетінің жай-күйіне назар аудару қажет. Сонымен қатар демалғаннан кейін өзіңізден қалған қалдықтарды (қоқысты) тазалап кетуді ұмытпау керек. Себебі табиғатты аялау, қоршаған ортаны ластамау, қоғамдық-мәдени орындарда тазалық сақтау – әр азаматтың міндеті.