ТҰРҒЫНДАР ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА

912

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтеновтің төрағалығымен биылғы жылы қала аумағына орнатылатын бейнебақылау камералары бойынша мәжіліс өтті, деп хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қаладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және анықтау мақсатында Шымкент қаласына қарасты елді мекендерде бейнебақылау жүйелерін қалпына келтіруді және бақылау аумағын одан әрі кеңейтуді қамтамасыз ету  мақсатында, Шымкент қаласының Полиция департаменті 2022 жылға арналған мекенжай бағдарламасын әзірлеп, ағымдағы жылы екі жүз жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және сегіз жүз жалпы бейнебақылау камералары орнатылатын болады.

Бейнебақылау камералары жол-көлік қозғалысын ғана емес, өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті де бақылауда ұстайды.

Сонымен қатар, жиын барысында былтырғы жылы орнатылған бейнебақылау камераларының тиімділігін арттыру мақсатында анализ жасап, орнатылған нүктелерді қайта қарау мәселесі де талқыланды.

Естеріңізге сала кетсек, өткен  жылы Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы «Smart City» эталондық стандарына сәйкес, қалалық полиция департаментімен бірлесе отырып,  қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 100 көше қиылысына және екі жүз желілік учаскеге, сондай-ақ, 1500 жалпы бейнебақылау камераларын штаттық режимде іске қосып, қалалық Полиция департаментінің жедел басқару орталығымен ықпалдастырған болатын.

Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент қаласында жалпы 14 500 бейнебақылау камералары жұмыс істеп тұр.

Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Айтенов қала аумағына орнатылатын бейнебақылау камераларын қаладағы қылмыстық көрсеткіші жоғары нүктелерге орнату және бейнебақылау камераларының барлығын қалалық Полиция департаментінің жедел басқару орталығымен ықпалдастыру бойынша сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.