ЖАЗУШЫЛАРДЫҢ МӘРТЕБЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

111

«AMANAT» партиясының «Кітап–AMANAT» партиялық жобасы аясында партияның Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшелері қаламгерлер қауымымен кездесу өткізді. Бұл шараның мақсаты – қазақ әдебиетінің болашағы мен жазушылардың қоғамдағы рөлін арттыру мәселелерін талқылау, сондай-ақ шығармашылық адамдарын қолдау және олардың мәртебесін көтеру жолында қоғамның белсенді бөліктерімен бірлесе әрекет ету.

Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, белгілі жазушылар Момбек Әбдәкімұлы, Захардин Қыстаубаев, Құлбек Ергөбек, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері мен бірқатар оқырман қатысты. Сонымен қатар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен мәдениет саласының белсенді тұлғалары да кездесуге шақырылып, шараға өз қолдауын білдірді.

Кездесу барысында қаламгерлер қазақ әдебиетін қолдау, жазушылардың мәртебесін көтеру, шығармашылыққа жағдай жасау сияқты маңызды тақырыптарды көтеріп, өзекті ұсыныстарын ортаға салды. Қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер бұл мәселелердің қоғамның жалпы мәдени дамуына ықпал етуі үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Захардин Қыстаубаев қазіргі таңда жазушыларға мемлекет тарапынан лайықты деңгейде қолдау көрсетілмей отырғанын айтып, «Жазушылар күнін» белгілеу мен оны ресми түрде атап өту қажеттігін ұсынды. Оның айтуынша, мұндай күндер қаламгерлердің қоғамдағы орнын ерекше атап, жазушылардың шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуға жол ашар еді.

Момбек Әбдәкімұлы бұл бастаманы қолдайтынын жеткізіп, Шымкенттегі Абай саябағында «Жазушылар аллеясын» салу идеясын ортаға салды. Оның айтуынша, жазушылар аллеясы – бұл шығармашылық иелері мен оқырмандар арасындағы рухани байланыстың нығаюына, сондай-ақ әдебиетке деген құрметтің артуына себепкер болатын маңызды жоба.

Кездесу соңында қатысушылар қазақ әдебиетін дамыту жолында осындай ашық диалогтардың маңызы зор екенін атап өтіп, «Кітап–AMANAT» жобасының қоғамдағы рөліне жоғары баға берді. Қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың атсалысуы әдебиеттің өркендеуіне жаңа серпін беріп, шығармашылық адамдарға деген құрметті арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз.

Келешекте бұл жоба аясында жазушылардың шығармашылығын кеңінен насихаттау, қоғамдағы мәдениеттің деңгейін көтеру және жастарды рухани байлыққа баулу бойынша бірқатар шаралар қолға алынатын болады.