Басты Білім Сыртқы жарнаманың қандай түрі ақылы болды?
Жарнама құралдарынсыз тауар сату, қызмет көрсетуге қатысты бизнесті жолға қою қиындау.
Жарнама – бұл маркетинг құралының бірі. Жарнаманың негізгі міндеті – фирма немесе жаңа өнім туралы қоғамды ақпараттандыру. Сондықтан жарнама уақыт өткен сайын бизнес табысының қажетті шарттарының бірі болып отыр.
Жарнаманың негізгі түрлері
Бүгінде жаңа технологиялар арқылы жарнама құралдарының сан алуан түрлері бар, оларды бизнес жүргізуде сәтті пайдалануға болады. Жарнама – сыртқы жарнама және бұқаралық ақпарат құралдарына (БАҚ) берілген жарнама деп екі негізгі бағытқа бөлінеді. Қазіргі таңда интернет жарнама қарқынды даму үстінде.
Сыртқы жарнамаға жарнамалық тақталар, баннерлер, биллбордтар және тағы басқалары кіреді. Соңғы кездері LED мониторларда жарияланған жарнама кең тарала бастады. Жарнама заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, маңдайша жазу да сыртқы жарнамаға жатқызылуы мүмкін.
Сондықтан жарнаманың қандай да бір түрін қолдану алдында «ҚР Жарнама туралы» Заңына мән беру керек немесе жарнамамен айналысатын кәсіби агенттіктердің көмегіне жүгіну қажет. Жарнама беруде сауат болмаса, заңға қайшы әрекет жазаға әкеп соғуы әбден мүмкін. Мәселен, «Жарнама туралы» Заңға енгізілген өзгертулер 2019 жыл 11 сәуір күні күшіне енді. Осы күннен бастап кәсіпкерлерге қосымша салықтық ауыртпалық қосылды.
Дүкендер, ойын-сауық орталықтары және жарнама агенттіктердің иелері сыртқы жарнама үшін төлем жасайды.
«Мысалы, бұрын маңдайша жазу жарнама болып есептелмейтін. Қазір мазмұнында байланыс нөмірлері, акциялар мен жеңілдіктер туралы ақпарат, жарнамалық ұрандар бар маңдайшаларға салық салынады. Бұл шара сыртқа шығарылатын конструкцияларға да қатысты. Ішкі рәсімдеуге ғана салықтық ауыртпалық жүргізілмейді», – дейді «Атамекен» ҰКП Құқықтық қорғау жөніндегі сарапшысы Ренат Дәулетов.
Салық сомасы түрлі факторларға: жарнама түрлері, оның мөлшері және көше категориясына байланысты. Ең төменгі мөлшерлеме – 0,5 АЕК, ең жоғары – 100 АЕК-ті құрайды.
Бұл өзгерістер, бірінші кезекте қала көшелерінің көркіне деген қамқорлықтан қолға алынған дейді билік өкілдері. ШОБ саласындағы кәсіпкерлер жарнамалық бюджетті бизнестің қаражаттық мүмкіндіктері мен өнімді алға тартудағы қажеттігі есебінен жоспарлайды. Бірақ, аталған салада белгілі бір заңдылықтар анықталған. Мәселен, сарапшылардың пайымдауынша, өнеркәсіптік кәсіпорындарға бейімделген жарнама берушілер жарнамаға шамамен таза табыстың 0,5-1%-ін жұмсайды, ал халық тұтынуына бағытталған бизнес жарнамаға орта есеппен таза табыстың 2-3%-ін жұмсайды. Осы аталған базистік пропорцияларды ескере отырып, сіз жарнамаға өз бюджетіңізді есептей аласыз. Тауарларды және қызметтерді алға тартуда сауатты жарнама, маркетингті жүргізуде табыстан бизнес қана емес, тұтынушылар да ұтады. Өйткені жарнама алға тартудың құралы ғана емес, сонымен қатар біреуге өте қажетті жаңа өнімдер туралы ақпарат берудің көзі.
Әлия Кемелбекова