Ел ішінде қарапайым көрінгенімен, абырой биігінен көрініп жүрген азаматтар бар. Солардың бірі — Ашықбаев Бағдат Серікұлы. Еңбегімен еленіп, тіршіліктің тынысын жанымен сезініп, адал маңдай терімен елге үлгі болып жүрген жан. Оның еңбекке деген көзқарасы, кәсібіне деген адалдығы нағыз жұмысшының, еңбек адамының үлгісі.
Бағдат Серікұлы 1987 жылдың алтын күзінде, 28 қазанда дүниеге келген. Тумысынан еңбекке етене жақын азамат бүгінде 16 жылдық тәжірибесімен мақтана алады. Соңғы жарты жыл ішінде ол Абай қаласының коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жерлеу орындарын күтіп ұстау бөлімінің жұмысшы шебері болып еңбек етуде. Бұл қызметтің мәнін біреу білсе, біреу біле бермес. Алайда ол үшін бұл — жай ғана жұмыс емес, бұл – азаматтық борыш, адами жауапкершілік. Әрбір тапсырмасын жауапкершілікпен, сапалы орындайтын Бағдат ағаның еңбекқорлығы — оны нағыз еңбек адамы етіп шығарады.
Қазіргі таңда елімізде жұмысшы мамандықтарының маңызы артқан шақта, кәсіподақтар жұмысшылардың құқығын қорғап, оларды әлеуметтік тұрғыдан қолдап келеді. Бағдат Серікұлы осы кәсіподақ мүшесі ретінде өзінің еңбек жолында да түрлі қиындықтармен бетпе-бет келгенде, кәсіподақтың көмекке келіп, оның құқықтарын қорғауында үлкен рөл атқарғанын атап өту керек. Оның айтуынша, кәсіподақтың міндеті — қызметкерлердің мүддесін қорғап, оларды жұмыс орнында әділеттілікке жеткізу болып табылады.
Бағдат ағаның қолынан келмейтін іс кемде-кем. Ол – сөзге де, іске де мығым. Қай тапсырма болмасын, тыңғылықты орындайды. Оның жұмысына деген жанашырлығы, өз кәсібіне деген құрметі — нағыз еңбек адамының болмысы. Әр күні халыққа қызмет етуге арналса, әр ісі — кәсібилік пен жауапкершілікке толы. Жұмысшы шебері – жай ғана лауазым емес. Бұл – сенімнің, тиянақтылықтың көрінісі. Бағдат Серікұлына берілген кез келген тапсырма өз уақытында, сапалы әрі ұқыпты атқарылады. Кез келген жұмысты сеніп тапсыруға болатын азамат, нағыз ісінің шебері. Ондай жандарды халық «абыройлы еңбек иесі» дейді.
Қоғамның іргетасы осы еңбек адамдарының арқасында қаланады. Ол үшін кәсіподақтар жұмысшылардың құқықтарын қорғап қана қоймай, олардың қоғамдағы абыройын арттыруға да ықпал етеді. Бағдат Серікұлы еңбекке адал, кәсіби міндетін толығымен орындайтын адам ретінде кәсіподақтың қоғамдағы маңызды рөлін терең түсінеді. Ол үшін кәсіподақ – өзінің құқықтарын қорғауға ғана емес, адал еңбегімен бағалануға мүмкіндік беретін нақты құрал.
Бағдат Серікұлы – еңбекті қадір тұтқан ұрпақтың өкілі. Жастарға үлгі, ұжымына тірек, туған өлкесіне адал қызмет етіп жүрген азамат. Оның әр күні — адалдықтың, еңбекқорлықтың айғағы. Кәсіподақтардың ең басты міндеттерінің бірі – осындай еңбек ерлерін анықтап, олардың құқығын қорғап, жақсы жұмыс істеп, қоғамға үлгі болатын тұлға ретінде таныту.
Қарапайым еңбекпен-ақ үлкен өнеге көрсетіп жүрген осындай азаматтар – қоғамның негізін қалаушылар. Олар туралы жазу – құрмет, оларды дәріптеу – парыз. Еңбегімен елді ұйытып жүрген Бағдат ағамыздай тұлғалар көп болғай!