ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ БІРЛІК – ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ КЕПІЛІ

98

Бүгін Шымкент қаласының Еңбекші ауданына қарасты Маятас және Жыланбұзған тұрғын алаптарында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға арналған маңызды кездесу өткізілді. Бұл іс-шара қаладағы әртүрлі этнос өкілдері арасында ынтымақтастық пен бірлікті арттыру, қоғамдағы өзара түсіністік пен татулықты орнықтыру мақсатында ұйымдастырылды.

Жиынға Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев, сондай-ақ Еңбекші ауданы әкімдігінің қызметкері Аққағаз Дүйсебекова, ауылдың көрнекті ақсақалдары Орынбасар Сүттібаев пен Мұхтар Өсербаев арнайы қатысып, ел бірлігі мен ынтымағын сақтау жолында өздерінің тағылымды пікірлері мен ой-пікірлерін ортаға салды. Олар қоғамдағы тыныштық пен келісімнің қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

Жиын барысында жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің қазақ халқының дәстүрлі құндылықтары мен мәдени мұрасының сақталуына айрықша ықпал ететіндігі кеңінен талқыланды. Қатысушылар жастарды адалдыққа, еңбекқорлыққа және елжандылыққа тәрбиелеу мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Әрбір азаматтың өз Отанына деген адалдық пен құрмет көрсетуі маңызды екендігі тағы бір рет ескертілді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерді сауатты пайдалану, жастар арасындағы тәрбие мәселелері және қоғамдағы өзекті тақырыптар қозғалып, қатысушылар пікір алмасты. Қонақтар парасаттылық пен толеранттылықты насихаттай отырып, жастардың арасында дұрыс тәрбие берудің маңыздылығына тоқталды.

Шара барысында тұрғындар өздерінің көкейлерінде жүрген түрлі сұрақтарын қойып, білікті мамандардан нақты және толыққанды жауаптар алды. Бұл кездесудің басты түйіні – береке мен бірлік бар жерде ғана тұрақтылық пен даму болатыны, сондай-ақ қоғамдағы өзара түсіністік пен құқықтық мәдениетті дамыту қажеттігі тағы бір мәрте айқындалды.

Кездесу соңында қатысушылар қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Бірлік пен ынтымақтың негізі болып табылатын қазақ халқының дәстүрлері мен рухани құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу жолында бірлесіп жұмыс істей отырып, қоғамдық келісімді нығайту мақсатында нақты іс-шаралар жүргізудің маңыздылығы сөз болды. Бұл ретте, қатысушылар әр азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру, ұлттық бірлікті нығайту және мәдени байланыстарды тереңдету бойынша ұсыныстар айтты.