Бүгін Түркістанда өзбек фильмдерінің күндері өтті. Шара аясында бірнеше фильм көрермен назарына ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев құттықтау сөз сөйлеп, осындай іс-шаралар арқылы бауырлас елдердің рухани-мәдени байланыстары нығая түсетінін жеткізді. Сонымен бірге, Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Бас консулдығының Бас консулы Абрар Фатхуллаев пен Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов та Түркістанның түрленіп келе жатқанына қуанышты екендерін атап өтті.
Өзбекстандық режиссерлер көрсетілім барысында Шыңғыс Айтматовтың қиссасы аясында түсірілген «Сарвкомат Дилбарим» көркем фильмін жұртшылық назарына ұсынды. Сондай-ақ, қазақтың ұлы ақыны Абайдың балалық шағы, қоршаған ортасы, шығармашылығы жөнінде мұрағат құжаттарымен өрілген «Слово Абая» деректі фильмі де түркістандықтарға көрсетілді. Бұл туындының режиссері — Шухрат Махмудов. «O’zbekfilm» киностудиясы түсірген «Ойкиз» ертегісі де көрермендердің оң бағасын алды.
Айта кетейік, өткен 2018 жыл Қазақстанда Өзбекстан жылы деп аталып өткені белгілі. Осы бастамалар аясында бауырлас халықтардың жақындастығын тереңдетуге септігін тигізетін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Соның жалғасы ретінде Түркістанда ұйымдастырылған мәдени басқосуға көрермендер қызығушылығы жоғары болды.
Айнұр Ақбаева