Басты Қазақстан 50 мың теңге көмек кімдерге беріледі? Оны алу үшін құжат тапсыру қажет...

50 мың теңге көмек кімдерге беріледі? Оны алу үшін құжат тапсыру қажет пе?

572
Материалдық көмекке Birgemiz қорынан 7,6 млрд теңге қарастырылды. Бұл қаржы 152 мың мұқтаж азаматқа беріледі.
Коронавирустың пандемиясына байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қорынан халықтың әлеуметтік әлсіз санатына жататын жандарға 50 мың теңгеден көмек берілуде. Көмек нақты кімдерге көрсетіледі және оны алу үшін құжат тапсыру қажет пе? Іnformburo.kz түсіндірмесін оқыңыз.
50 мың теңге көмек қанша азаматқа бұйырады?
Қайырымды жандардың есебінен жиналған бұл қаржылық көмекті жалпы саны 152 мың қазақстандық алады. Аталған көмек коронавирус инфекциясының таралу қаупі жоғары облыс орталықтары мен ірі қалалардың тұрғындарына көрсетіледі. Осыған байланысты тұрғындар саны 100 мыңнан асатын 23 қала анықталған. Олар – республикалық маңызға ие 3 қала:
  • Нұр-Сұлтан – 14 мың 478 адам;
  • Алматы – 23 мың 472 адам;
  • Шымкент – 21 мың 864 адам.
Сондай-ақ, Түркістан, Көкшетау, Ақтөбе, Талдықорған, Атырау, Өскемен, Семей, Тараз, Орал, Екібастұз, Қарағанды, Жезқазған, Теміртау, Қостанай, Рудный, Қызылорда, Ақтау, Жаңаөзен, Павлодар, Петропавл қалаларының тұрғындары алады.
Көмек қай санаттағы адамдарға беріледі?
50 мың теңге көмек алушылардың тізімін әр өңірдің әкімдігі анықтайды. Көмек алушылардың Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысы негізінде 7 санаты бекітілген:
  • Тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар;
  • Бірінші топтағы мұқтаж мүгедектер;
  • Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • Ең төменгі зейнетақы алып жүрген зейнеткерлер (38 686 теңге);
  • Базалық зейнетақы алатындарға (16 839 тенгеден төмен);
  • Жетім балалар (тұл жетім және асыраушысының бірінен айрылған балалар);
  • Ұлы Отан соғысына қатысушылар;
  • ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендер;
  • Тыл еңбеккерлері.
Ескерту: Әрбір санатта мұқтаж жандар да, сонымен бірге көмекті қажет етпейтіндер де бар. Сондықтан көмек тек мұқтаждарына ғана көрсетіледі.
Қаражат алу үшін не істеу керек?
Егер көмек алушы аталған санатқа кіретін болса, онда ол адамға ешқайда барудың және құжат тапсырудың қажеті жоқ. Көмек автоматты түрде көрсетіледі. Ақша жәрдемақы немесе зейнетақы түсетін банк картасына аймақтық Birgemiz қоры мен Nur Otan партиясының атынан смс-хабарландырумен бірге аударылады. Ал банк картасы жоқ, зейнетақысын пошта бөлімшелері арқылы алып жүрген жандарға ақшаны «Қазпошта» АҚ курьері жеткізіп береді.
Ақшаны банк несие төлемі үшін ұстап қалмай ма?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі барлық банктерге төтенше жағдай кезінде шектеулерін тоқтатып, тұтынушыларға көрсетілетін көмекті кедергісіз алуға мүмкіндік беру туралы ұсыныс білдірілген. Сондықтан, көмек ақша айыппұл, несие және басқа да төлемдер есебіне ұсталмайды. Егер ақша толық түспей қалса, аймақтық Birgemiz қоры мен Nur Otan партиясының филиалына шағымдануға болады.
Бұл көмек тұрақты түрде көрсетіле ме?
Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, 50 мың теңгені бірінші кезеңде 150 мыңнан астам мұқтаж азамат алатынын айтқан болатын. Дегенмен, бұл көмектің тағы басқа жандарға қарастырылатыны әзірге беймәлім. Бір анығы – төлем тек бір реттік. Сондықтан, ақшаны алған адамдарға қайталап берілмейді.
50 мың теңгені қанша адам алып үлгерді?
Бүгінгі күнге дейін көмекке зәру қазақстандықтарға 7 024 млрд теңге үлестірілді. Қалған азаматтарға ақшалай көмек 5 күн ішінде түседі.
Қаржының шын мұқтаждарға жетуін кім қадағалайды?
Қор қаржысын бөлудің ашықтығын қадағалау мақсатында Қамқоршылық кеңес пен Тексеру комиссиясы құрылған. Қамқоршылық кеңестің құрамына көпбалалы аналардың, ерекше қажеттілігі бар адамдардың, ардагерлер кеңесінің, Еріктілер лигасы мен басқа да өкілдер енгізілді.