АБАЙЛЫҚТАР ҚАЛА КҮНІН АТАП ӨТТІ

570

Шымкент қаласына қарасты Абай ауданы әкімдігінің бастамасымен қала күні қарсаңында «Шымкент — менің сүйікті қалам» мерекелік іс-шарасы өтті, ardak.kz ақпараттық агенттігі қалалық Ақпараттық-комуникациялық орталығына сілтеме жасап.

Жоғарыда аталған салтанатты шара аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, жиын концерттік бағдарламаға ұласты.

— Шымкент — тарихы терең, қазақтың дәстүрі мен мәдениетін ерекше сақтаған, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда да республикада алдыңғы орындағы қалалардың бірі.  Шаһар өмір сүру жағдайы жайлы өңірге айналып, қала келбеті жыл сайын көркейіп келеді. Бүгінде заман талабына сай  инфрақұрылым қалыптасып, жаңа шағынаудандар, кең көшелер, спорт алаңдары мен түрлі әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатыр. Әр жыл сайын халық сұранысына қажетті спорт, мәдениет және әлеуметтік нысандарды көбейтуге күш салып келеміз, — деді Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш.

Жиын барысында Шымкент қаласының дамуына үлес қосқан белсенді азаматтар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, түрлі интеллектуалды ойындар ойнатылып, жеңімпаздарға брендбуктар табысталды.

Еске сала кетейік, 19 – маусым – Шымкент қаласының мерейлі мерекесі. Осыған орай, қалада 5 күн бойы қызықты іс-шаралар мен концерттік бағдарламалар өтеді.

Сонымен қатар, қала күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар тізбегін назарларыңызға ұсынамыз:

17-19  маусым күндері, сағат 10.30 бен 17.00 аралығы Орталық саябақта «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсы;

17-19 маусым күндері сағат 11.00 мен 12.30 аралығы Арбат алаңында «Қайырымды қала құшағында» қылқалам шеберлерінің сурет байқауы;

17-маусым күні Қошқар ата демалыс аймағында 18.00 мен 20.00 аралығы «Street Workоut» көше спорт түрінен сайысы;

17-маусым күні сағат 20.00 мен 23.00 аралығында «Шымкенттің шырайы – Шәмші» мерекелік концерті Шәмші аллеясында өтетін болады.

 

Құрметті қала тұрғындары!

Сіздерді қала күнін мерекелеуге арналған іс-шараларды тамашалауға шақырамыз!