КӨШЕ СПОРТЫНАН ҮЗДІКТЕР АНЫҚТАЛДЫ

970

Шымкент қаласының мерейлі мерекесіне орай Қошқар ата демалыс аймағында Street Workout атты көше спорты түрінен сайыс өтті, деп  хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі Шымкент келбеті газетіне сілтеме жасап.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Пернебайұлы Исахов жарысты ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Мақсұт Пернебайұлы Исахов қалада өз сөзінде бұқаралық спортты дамытуда жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Бұл іс-шара саламатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортты насихаттауды мақсат етіп отыр.

Сайыста белтемір және қоссырық бойынша ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында мықтылар анықталды.

Қазіргі таңда Шымкент шаһарында осы спорт түрімен шұғылданушылар саны 10 мыңнан асады. Қала бойынша арнайы жабдықталған 5 алаңша бар.

Сонымен қатар, жарыс соңында жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен медальдар табысталды.

Одан бөлек, қала күніне орай Арбат алаңында «Қайырымды қала құшағында» атты жас қылқалам шеберлерінің байқауы өтті. Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауы және Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастырумен өткен байқауда 20-ға жуық қылқалам шебері бақ сынады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – талантты, дарынды мектеп оқушыларына қолдау көрсету, оларды ынталандыру.  Байқауда жас суретшілер шырайлы 2200 жылдық тарихы бар қаламыздың бейнесін салды. Қазылар алқасының шешімімен Арайлым Жұматова — 1 орын, Ерен Жұмат — 2 орын, Нурила Амангелді — үшінші орын алды. Жеңімпаздарға алғыс хат пен сертификат табысталды.

Еске сала кетейік, 2018 жылдың 19 маусымында Мемлекет басшысы Шымкент қаласына республикалық дәреже беру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Содан бері 19 маусым Шымкентте Қала күні ретінде аталып өтіледі. Яғни бұл күн Шымкент қаласының мерейлі мерекесі. Биыл мегаполистің туған күнін 4-ші жыл тойлап отырмыз.