ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІН ЖОЮ БОЙЫНША 20 ҰСЫНЫМ ЕНГІЗІЛДІ

926

Шымкент қаласының қоғамдық кеңесі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарын бақылау жөніндегі тұрақты комиссияның кезекті отырысында «Shymkent» ӘКК қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері қаралды.

Жанысбек Өтегеннің төрағалығымен өткен комиссия жұмысына Қоғамдық кеңес төрағасы Бауыржан Әлтеев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев, әкімдіктің бейінді басқармаларының басшылығы, «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы Төрағасының орынбасары Мади Уалиханов қатысты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қалалық департаменті сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау институты арқылы мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстың негізгі бағыты болып табылатындығын атап өтті.

Ағымдағы жылы Департамент «Shymkent» ӘКК қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізген.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру ӘКК-нің негізгі функцияларының бірі болып табылады. Қызметтің осы бағытын талдау бағаны тұрақтандыру тетіктерінің іске асырылуының ашық еместігін көрсетті.

Сонымен қатар, ӘКК пәтерлерін сату туралы ақпараттың қолжетімсіз екені талқыланды.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қорытындылары бойынша «инвестициялық жобаларды» іске асыруға берілген жер учаскелерін сату кезінде, тұрғын үй салу кезінде қосарланған төлем тәуекелі, үлестес тұлғаларға пәтерлерді сату, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін тиісінше іске асырмау және басқада сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен жиырмадан астам ұсыным енгізді.

Комиссия отырысы барысында көрсетілген ұсынымдар бойынша атқарылған жұмыстар туралы «Shymkent» ӘКК төрағасының орынбасары Мәди Уәлиханов баяндама жасады.

Сонымен қатар, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармаларының сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстары туралы есептері тыңдалды.