Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқу үлгерімі төмен оқушыларды колледжге «қуу» тәжірибесін тоқтату керегін айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Журналист министрге «Мектептер сабағы нашар оқушыларды 9-сыныптан кейін колледждерге жіберу тәжірибесі тоқтаған шығар деп ойлағанмын. Алайда қазір оқушыларға қысым барын көріп отырмын. Ұлым 9-сыныпта оқиды. Бүгінде мұғалімдер оларға «Сендер сабақты нашар оқысаңдар, 9-сыныптан кейін мектепте оқымайсыңдар» деп айтып жатыр екен. Мен оларға Конституция нормасын айтып, бұлай істемеуді сұрадым… Мектептер рейтингтің соңына ілесіп, осындай қадамға баратынын түсінемін. Бұл рейтинг қалай қалыптасады? Түсіндіріп беріңізші. Білім ордалары рейтиг қумауы үшін не істеу керек?» — деп Үкіметтің баспасөз орталығында сауал жолдады.
Оқу-ағарту министрі мұндайға жол беруге болмайтынын мәлімдеді.
«Мұндай жағдай мүлдем болмауы керек. Бұл мәселені жеке өзім бақылауыма аламын. Осындай жағдай болса, басқа өңірлердегі мектептерге ескертемін. Мұны бірден тоқтату керек. Министрлік тарапынан рейтинг жоқ. Колледжде немесе мектепте оқу — әр оқушы мен ата-ананың жеке таңдауы. Егер жеке мұғалімдер мен мектептер бұл туралы білмесе, мұны олардың есіне салуға тура келеді. Себебі оқушының мектепке оқымай, колледжге ауысуын көздейтін буллинг немесе прессингке жол беруге болмайды. Мен мұндай бұйрық пен тапсырма бермедім. Мәселені анықтаймыз. Білім беру басқармаларын ескерту керек шығар. Себебі олар (еліміздегі — еск.) барлық мектепке ескі әдістерге қызықпасын деп ескерту жасауы керек», — деді Ғани Бейсембаев.
Аяз Есен