Биыл Шымкентте 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Шымкент қаласында «Жас-Дарын-3» мектебінің құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ardak.kz ақпараттық агенттігі.
Шаһар басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов аталған мектептің құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. 300 орынға лайықталған мектеп 3 қабаттан, 12 оқу бөлмесі, 8 кабинет, асхана, спорт залы, мәжіліс залы, медициналық кабинеттен тұрады. Білім мекемесі оқу жылына 98 пайызға дайын. Қазіргі таңда «брусчатка» төсеу, қоршалуы мен абаттандыру жұмыстары жүруде. Биыл Шымкентте 34 мектептің құрылысы жүргізілуде.
Шаһарда үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін 2023 жылы, ал орын тапшылығын 2025 жылға дейін толығымен шешу жоспарланған. Қаламызда жекеменшік мектептердің үлесі артып келеді. Биылғы жылы қолданысқа берілетін 24 мектептің 20-сы жеке инвестор есебінен. Нұрсат шағын ауданы, Нұр-Сұлтан даңғылында орналасқан 300 орындық «Жас-Дарын-5» жекеменшік мектебі – өткен жылы құрылысы басталған мектеп биыл пайдалануға беріледі. 3 қабатты, 12 оқу бөлмесі, кітапхана, асхана, мәжіліс залы, спорт зал, мед кабинет қарастырылған.
Қаратау ауданы, Бозарық шағын ауданындағы 240 орындық «Жас-Қанат» жекеменшік мектебі – жоспарға сай 3 қабатты, 12 оқу бөлмесі, кітапхана, асхана, мәжіліс залы, спорт зал, мед кабинет те болады. Қаратау ауданы, Достық шағын ауданындағы 300 орындық «Жан-Нұр» жекеменшік мектебі — 2 қабатты, 12 оқу бөлмесі, кітапхана, асхана, спорт зал, мед кабинет болмақ.
Айта кетейік, Шымкентте өткен жылы 11 764 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде жаңа оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеді.