«ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫМЕН» ТӘЖІРИБЕ ЖИНАҚТАДЫМ

884

Жастардың оқу бітіре сала жұмыс іздейтіні белгілі. Бірақ тәжірибесі жоқ, әлі еңбек нарығын көрмеген жасқа жұмыс жылдам табыла қоймайды. Бұл тығырақтан шығудың бір жолы бар. Ол – жастар практикасы. Жастарға ұсынылып отырған мемлекеттік көмектің бірі.

– «Ел болашағы жалынды жастар» десек елімізде жастарға үлкен қолдау бар. Атап айтқанда, білім алу, шетелде білімін жалғастыру, кәсіпкерлікпен айналысу, жұмыспен қамту бойынша түрлі бағдарламалар іске қосылған.

Соның ішінде мен «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жұмысқа жолдама алған жастардың бірімін. М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің филология мамандығы бойынша білім алдым. Өткен жылы қолыма диплом алып, қаладағы бірнеше білім ордасына түйіндемемді қалдырғаныммен өз мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым. Басты кедергі – еңбек өтілімнің жоқтығы еді.
Таныс құрбым Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасуға болатынын айтқан соң, аталған мекемеге келіп, құжаттарымды өткіздім. Көп уақыт өтпей, жұмысқа жолдама берді.
Сәуір айынан бері «Шымкент Ақпарат Орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде тәжірибе жинап жатырмын. Ай сайын мемлекет тарапынан жалақы беріледі. Мұндағы ұжымның көмегімен жұмысқа тез бейімделдім, ортаға сіңістім. Әр күнімді текке өткізбей, тәжірибелі мамандардан үйреніп жатырмын.
Мемлекет тарапынан жас мамандарға осындай мүмкіндік берілгеніне алғыс айтамын. Осы тұста, жоғары оқу орнын бітірген мамандарды жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалануға шақырамын.

Айта кетсек, жастар практикасын оқуды енді бітірген, мамандығы бойынша әлі тәжірибесі жоқ, 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Тек оқу бітіргеніне 3 жылдан аспаса болғаны.Бұған мектеп пен колледж бітірген жастар да қатыса алады. Жастар практикасының мақсаты – университет пен колледж бітірген жастарды мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға көмектесу, жұмыс істеуге бейімдеу. Бастапқы жұмыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік беру. Бірақ жұмысы ауыр кәсіпорындар мен зиянды, қауіпті жұмыстарға жіберілмейді.

Айдана МҰХТАРОВА, жас маман