Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев отставкаға кету туралы өтініш жазды

1422

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Кентау қаласының экс-әкіміне қатысты сот үкімі заңды күшіне енген күні отскаваға кету туралы өтініш жазды. Айта кетейік, аса ірі көлемде пара алу фактісімен 10 жылған сотталған Дәурен Мақажанов 2019 жылы Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен Кентау қаласына әкім болып тағайындалған, деп хабарлайды Экспресс К.

Облыс әкімінің баспасөз хатшысы аймақ басшысының өтінішті 24 тамызда жазғанын растады.

«Мемлекеттік қызмет туралы» заңның 60-бабының 2-бөлігіне сәйкес, отставканы мемлекеттiк саяси қызметшiнi осы мемлекеттiк лауазымға тағайындаған (сайлаған) мемлекеттiк орган немесе лауазымды адам қабылдайды немесе одан уәжді түрде бас тартады. Отставканы қабылдау немесе одан бас тарту туралы шешiм жазбаша өтініш берiлген күннен бастап бiр ай мерзiмде қабылданады.

Еске салсақ, Дәурен Мақажанов ірі көлемде пара алды деген күдікпен ақпан айында ұсталған болатын. Ол лауазымды тұлға бола отырып қызметтік өкілеттігін пайдаланып, өзі қамқорлық жасағаны үшін ЖШС директорын 50 миллион теңге беруге мәжбүрлеген. Заңсыз сыйақыны алу үшін екі делдалды араға салған. Олар параны алу кезінде ұсталған.

Сот үкімімен Кентау қаласының экс-әкімі пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған өмір бойына мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Арадағы делдалдың біріне 1 жылға бас бостандығынан айыру, екіншісіне 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығу айыру жазасы берілді. Екеуіне де мемлекеттік қызметпен айналысуға өмір бойына тыйым салынды.

24 тамызда Алматы қалалық сотының сот алқасы Дәурен Мақажановтың адвокаттарының аппеляциялық шағымын қарап, үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Қылмыстық-процестік кодекстің 444-бабына сәйкес аппеляциялық үкім, қаулы жария етілген кезінен бастап заңды күшіне енеді.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экспресс К тілшісінің сауалына жауап берген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өзі басшы етіп тағайындаған шенеуніктің кінәсі дәлелденсе, отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеді.