Шардара су қоймасында судың мөлшері екі есеге артып кетті

1017
Қазақстандағы ең үлкен Шардара су қоймасы 22 елді мекенді шайып кеткелі тұр деген қауесет тарады. Ал Түркістан облысының әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Шардара» су қоймасы көктемде апат тудыруы мүмкін» деген ақпарат Түркістан облысының Шардара маңында тұратын халықтың дегбірін қашырды. Былтыр дәл осы күні Шардарадағы су көлемі 2 млрд 387 мың текше болса, қазіргі күні 4 млрд 70 млн текше су тұр. Яғни, былтырғыдан 78%-ға судың мөлшері артып кеткен.
«Шардараға қанша су келып жатқанына мониторниг жүргіземіз. Жыл басында Өзбекстан жақтан 1400 текше метр су келген. 6 қаңтарда барып өлшегенімізде 400 текшеге азайған. Шардараға 883 текше метр су Сырдариядан келіп жатыр», — дейді «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының басшысы Махамбет Жақызбаев.
Қазақстандағы ең үлкен су қоймасында апат болса, 34 мың халқы бар 22 елді мекенді су шайып кетеді. Сол себепті Шардарадағы шамадан тыс суды қалыпта ұстау үшін судың басым бөлігі Қызылорда облысының төмен жағына жіберіліп жатыр. 4 қаңтарда облыс әкімдігінде су мамандарымен жиналыс өткізілді. Алайда Шардарадағы судың режимін министрліктің су комитеті бекітеді.
Облыс әкімі осы мәселе бойынша тиісті сараптау жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Экология жəне табиғи ресурстар министрлігіне хат жолданып, тиісті ұсыныстар жасалған. Сала мамандары су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен апаттық жағдайдың алдын алу үшін үкімет деңгейінде штаб құру керек деп санайды. Десе де облыстық әкімдік дүрбелең тудырудың қажеті жоқ дейді.
«Министрлікке хат жолданды. Шардара тасып, елді мекендерді су алады деп қауіптенуге негіз жоқ», — деп мәлімдеді Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.