Түркиядағы жойқын зілзаладан әлі 80 мыңдай адам үйінді астында қалып отыр. Жарақат алған адамдардың саны жүз мыңан асты. 6 ақпан күні болған жойқын зілзала 200 мыңнан астам адамның өміріне тікелей қауіп төндірді. Қираған құрылыстың астында қалып, қаза тапқан түркиялықтардың саны 30 мыңға жуықтады. Үйінді астында нақты қаншы адамның қалғаны белгісіз, деп хабарлайды оқиға орнында жүрген Azattyq Ruhy тілшісі.
Болжам бойынша жоғалған адамдар саны 80 мыңның көлемінде. Үйінді астындағы адамдардың тірі қалу мүмкіндігі нөлдік көрсеткішке түсіп барады. Суық ауа райында сызды цемент, қиранды астында жарақат алған адамдардың жеті күн аш әрі көмексіз жатуы үмітті барған сайын азайтып отыр. Осыған қарамастан шетелден көмекке келіп жатқан құтқарушылар да аз емес.
«23 адам Мексикадан келдік. Арамызда екі медқызмет, инженерлер, кинологтар, полиция, өзге де кәсіби құтқарушылар болып келдік. Біз жер сілкінісінен болған қауіптің, адам өлімінің ауыр екенін өте жақсы білеміз. Басымнан да өткен. Түркия халқының трагедиясын мексикалықтар түсінеді. Өйткені жер сілкінісінен біздің халқымыз да көп зиян шеккен», — деді Мексика елінен келген құтқарушылардың бірі Яник Язмин.
Қазір Адана қаласының халықаралық әуежайы сырт мемлекеттерден келіп жатқан құтқарушыларға толы. Оларды жергілікті билік көмек керек деген қалаларға бөліп, таратып жатыр. Зілзаладан Түркияның Хатай, Османия, Қахраманмараш, Антеп, Килис, Малатия, Адияман, Урфа, Газианетеп қалалары мен шағын ауылдары зиян шекті. Зілзаладан келген залалдың көлемі орасан, шығын әлі есептеліп жатыр. Мәселен 1 млн 177 мың тұрғыны бар Кахраманмараш қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекендерде қираған нысандар өте көп. Құтқару жұмысы жүріп жатқанына қарамастан, арнайы мамандар жетпеген жерлер әлі де жетерлік. Жоғарыдағы қалаларда жалпы саны 14 млн-нан астам адам тұрған бар. Бұл тек ресми дерек, ал көршілес Сириядан келіп қоныстанушылар да миллиондап саналады.
«Жағдай өте қиын. Біз ерікті ретінде Ыстамбұлдан 150 адам келдік. Әуежайда осы жаққа келемін, көмек беремін деген жастардың саны жүз мыңдап саналады. Бірақ олардың бәрін жіберіп жатқан жоқ. Түнде үш автобуспен осы Кахраманмарашқа келдік. Топ-топқа бөлініп, азық-түлік таратамыз. Зиян шеккен қаланың халқын өзге өңірлерге бөліп жіберіп жатыр. Түркі халқы қиын сәтте бірлесе білді. Арнайы ұйымдар арқылы қаржылай көмекте тоқтаусыз жиналып жатыр», — деді Қызылай ұйымының мүшесі Реджеп Атик.
«Ондаған қала қирады. Бүгінге дейін қаза тапқан адам саны 30 мыңға жуықтады. Әлі 80 мыңдай адам үйінді астында. Олар аман шығады деген үміт аз. Үйінді астынан шығарылған адамдардың арасында жетім қалған балалар көп. Оны асырап алуға ұсыныс жасап жатқан адамдар да көп. Билік оны қазір тоқтатып тұр. Ең қиыны қайтыс болған адамдардың кім екені белгісіз күйінде жерленіп жатыр. Жиырма мыңнан астам құрылыс қираған», — деді ыстамбұлдық оқытушы Хакан Иөрүкоғлы.
Кахраманмараш қаласының тұрғындары палаткада тұрып жатыр. Тіптен үйлері қирамаған тұрғындар баспаналарына баруға қорқып қалған. Ал дүкен сөрелері бос. Есесіне көмек ретінде таратылып жатқан ас-су да, киім-кешек те мол. Зілзаланың эпидцентрі болған Қахраманмарашта қисайып қалған, қаңырап тұрған көп қабатты тұрғын үйлер мен өзге де ғимараттар көп.
Айта кетерлік жайт, Түркияда зілзала салдарынан қайтыс болғандар саны 30 мыңға тақады, дұрысы – 29,6 мың адам. Ел экономикасына келтірілген шығын 84 миллиард долларға жетіпті. Өкінішке орай бұл сандар алдағы уақытта бірнеше есеге дейін өсуі мүмкін. Қысқасы, бұл кәдімгі үлкен масштабты соғыс уақытында келетін шығынмен пара-пар.