А.КӨЛГІНОВ ШЫМКЕНТТЕГІ ҚҰРЫЛЫС АЛАҢДАРЫНДА БОЛЫП, ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР ЖОБАЛАМЕН ТАНЫСТЫ

807
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Шымкент қаласына жасаған сапарында Президент тапсырмасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Вице-премьер «Оқушылар сарайының» құрылыс барысын қарады. Әкімдіктің мәліметінше, ғимаратта шағын футболға, волейболға, баскетболға, воркаутқа арналған алаңдар бар. Онда 2 мың оқушы түрлі үйірмелерге қатыса алады. Нысан биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов “Оқушылар сарайы” білім алушы жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін ортақ алаңға айналатынын жеткізді. Премьер-министрдің орынбасары құрылыс жобасымен жіті танысып, оң бағасын берді. Сондай-ақ нысанның өндірістік кестеге сай тапсырылуын, сапасын қадағалауды жеткізді. Орталық биыл пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Бүгінде Шымкент сити аумағында “Конгресс-Холл” ғимараты салынып жатыр. Бұл үшінші мегаполистің мәдениетін көтеруде маңызды орталықтардың бірі болмақ.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентте алдағы уақытта тағы да бір “Оқушылар сарайы” бой көтереді. Онда да шәкірттерге қосымша білім беріліп, түрлі үйірмелер ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар “Опера және балет театры” салынады.
Жұмыс сапары барысында А.Көлгінов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында Шымкентте салынатын 25 мектептің жоспарымен танысты. Жаңа форматтағы ғимараттар қалада үш ауысым мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік береді.
Шымкентте Президент тапсырмасы шеңберінде медициналық мекемелер де салынатын болады. Премьер-министрдің орынбасары пандемия кезінде іске қосылған инфекциялық ауруханада болды. Қазір қалада 315 төсек орындық жалғыз балалар ауруханасы жұмыс істеп тұрғаны ескеріліп, инфекциялық аурухананың ғимаратын балалар ауруханасының балансына өткізу бойынша тиісті жұмыстер жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, мегаполисте көпбейінді аурухана салу жоспары бар. Аурухананың жанында емхана құрылысы қарастырылған. Бұл осы аумақтардағы емдеу мекемелерінің жүктемесін азайтады. Көпбейінді ауруханада заманауи талаптарға сай келетін Ядролық медицина орталығы ашылады. Бұл кадр дайындаудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Осындай көпбейінді ауруханалар алдағы уақытта еліміздің өзге де аймақтарында салынады.
Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде 12 Перинаталдық орталық салу жоспарланған. Солардың бірі Шымкентте салынады. А.Көлгінов нысанның жоспарлау жұмыстарын биыл аяқтауды тапсырды. 2026 жылы қолданысқа берілетін орталық «Ақ жайық» шағын ауданда бой көтереді.
Бүгінде мемлекеттік органдар алдында Президент бастамасымен қолға алынған ұлттық жобаларды сапалы жүзеге асыру және әлеуметтік жобалардың құрылысын уақтылы аяқтау міндеті қойылып отыр. Бұл мәселелер Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі