ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА ДИНАРА СӘДУАҚАСОВА МЕН ЖАНСАЯ ӘБДІМӘЛІК БІР-БІРІМЕН ШАХМАТ ОЙНАДЫ

1294
Санкт-Петербургте шахматтан өтіп жатқан Әлем чемпионатының алғашқы үш турында Динара Сәдуақасова мен Жансая Әбдімәлік Ресей, Моңғолия, Грекия және Германиядан келген қарсыластарын оңай жеңді, деп хабарлайды Қазақстан Шахмат федерациясы Фейсбуктегі парақшасында.
Төртінші турда қыздар бір-бірімен ойнап, 0,5:0,5 есебіндегі тең нәтижеге қол қойды.

Гүлісхан Нахбаева бірінші турда әлемнің үш дүркін чемпионы Анна Музычукпен кездесіп, жеңіліп қалды. Бірақ 2-4 турларда қатарынан үш рет жеңіске жетіп, есесін қайтарды.

Сонымен, қазақстандық спортшылар 4-турды тоғыз жеңіс, бір жеңіліспен аяқтады.

Ерлер де рапидтің алғашқы бес турында жақсы ойын көрсетті. Рүстем Хуснутдинов екінші раундта Беларусь спортшысы Сергей Жигалкодан басым түсті. Қалған партияларда тең нәтиже тіркелді. Ринат Жұмабаев ресейлік Кирил Шубин, Всеволод Овчинников және Дреев Алексейді жеңді. Халықаралық гроссмейстеріміз тек өз отандасы Даниил Дубовқа есе жіберді.

«Әлем чемпионатының алғашқы күнінің қорытындылары бойынша, қазақстандық шахматшылар тамаша нәтижелерге қол жеткізді. Келесі партияларда біздің шахматшылар мұнан да сапалы ойын көрсетеді деп сенемін», — дейді Қазақстан Шахмат федерациясының атқарушы директоры Ирина Грищенко.
Еске сала кетейік, рапид және блиц бойынша әлем чемпионатына Магнус Карлсен, Хикару Накамура, Левон Аронян және Сергей Карякин секілді жұлдыздар келген. Қазақстан намысын осы чемпионатта алты спортшы: Ринат Жұмабаев, Мұртас Қажғалиев, Рүстем Хуснутдинов, Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік және Гүлісхан Нахбаевалар қорғап жатыр.
ult.kz