Ресейге көмектескен Өзбекстанға санкция салынды

1073

Өзбекстандағы «Alfa Beta Creative» және «​GFK Logistic Asia» компаниялары Еуроодақтың Украинадаға соғыс ашқаны үшін Ресейге салған санкцияларына ілікті.

Еурокомиссия сайтында жарияланған есепте компанияның екеуі де Ресейдің әскери өнеркәсібіне көмектескені, атап айтқанда Ресей қорғаныс өнеркәсібіне Батыс тауарларын жеткізуге тырысқаны үшін санкцияға іліккені айтылған.

Өзбекстандағы бұл екі компанияға алдын АҚШ қаржы министрлігі санкция салған. Былтыр АҚШ сакнция тізіміне Өзбекстандағы Promcomplektlogistic жекеменшік компаниясын қосқан.

Еуроодақ мәліметінше, санкцияның кезекті топтамасына 87 компания енді. Бұл компаниялар Ресейдің әскери және әскери өнеркәсібі базасына қолдау көрсету мақсатында америкалық тауарларды сатып алған немесе сатып алуға тырысқан.

«Alfa Beta Creative» компаниясы Өзбекстанда 2022 жылы жұмыс істей бастаған. Orginfo.uz сайтының мәліметінше, компания кеңсе техникасы мен құрал-жабдықтарды сатумен айналысады. Компанияның жарғылық капиталы 2 миллион сум (шамамен 175 доллар) деп көрсетілген. Компания акцияларының бәрі Светлана Хайдариға тиесілі.

Ал «GFK Logistic Asia» компаниясы болса Өзбекстанда 2018 жылдан бастап жұмыс істейді. Ашық дереккөздердегі мәліметтерге қарағанда, компания логистикалық қызмет ұсынады. Orginfo.uz сайтының хабарлауынша, компания акцияларының 80 пайызы Юлия Ключинскаяға, қалған 20 пайызы Олег Грабилинге тиесілі. Жарғылық капиталы — 200 миллион сум (17 500 доллар). Екі компания да Ташкентте бір мекенжайда тіркелген.

 

Abai.kz