Қырғыздар өз тілінің бағын жандырды. Біз ше?

1155

Орта Азия елдері өз егемендігін алған соң, орыс тілінің үстемдігі жүрген қос ел – Қазақстан мен Қырғызстан еді. Қалған республикалар ана тілдерінің есіктегі бастарын төрге сүйрегенде, қазақ пен қырғыз тілі әлі күнге босағадан сығалап келе жатқаны жасырын емес.

Енді міне Қырғызстан президенті Садыр Жапаров мемлекеттік қызметкерлерді қырғыз тілін білуге міндеттейтін заңға қол қойып, өз егемендігін ана тілі арқылы тастай шегеледі.

БАҚ зер салар болсақ, Қырғызстан парламентінің депутаттары биыл мамырда мақұлдаған заң бойынша, мұнан былай мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, меншік түріне қарамастан барлық кәсіпорындар мен мекемелерде қырғыз тілін қолдану міндетті саналады деп мәлімдеді.

Сондай-ақ, осы елдегі барлық мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, ұлттық банк қызметкерлері, күш құрылымдары, сот, прокуратура, адвокаттар, нотариустар, оқу орындарының қызметкерлері, медицина қызметкерлері мемлекеттік тіл — қырғыз тілін білуге және қызмет міндетін орындау кезінде пайдалануға тиіс деген мәселе ақыр аяғы өз тарихи шешімін тауып отыр.

Осы арада тағы бір атап өтерлігі аталған заң меншік түріне қарамастан телерадиокомпанияларды бағдарламаның кемі 60 пайызын қырғыз тілінде жүргізуге және бірлескен компаниялар мен шетелдік компаниялар атауы қырғыз тіліндегі транслитерациямен жазылуға тиіс деп мойындарына міндеттейді.

Бірақ бір әтеген-айы осы Заңда орыс тілі Қырғызстанда ресми тіл ретінде қолданылатыны көрсетілгені дер едік.

Біздің депутаттар тап осындай қадамға барып, Мемлекет басшысына Қырғызстан президенті Садыр Жапаров сияқты қол қойғыза алар ма екен? Немесе қырғыздардан да асып, орыс тілін ұлтаралық қатынас тілі мәртебесінен айыра ала ма екен?

Депутат мырзалар, сайлаушыларыңызды үкілеген үмітін ақтап, тарихи сын саяатта тілімізді төрге шығаруға дайынсыздар ма, әлде құмға басын тыққан түйеқұс болып отыра бересіздер ме? Халық сіздерген батыл да, тарихи шешім қабылдауды талап етеді.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz