Жаңа министрліктер, нақты тапсырмалар: Тоқаев Жолдауда маңызды не айтты?

641

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Massaget.kz тілшісі Жолдауда көтерілген маңызды мәселелер мен тапсырмаларға шолу жасады.

Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады
«Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады», — дейді Тоқаев.

Көлік министрлігі қайта құрылады
«Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту — бұл стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады», — деді Президент.

Ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге көтеріледі
«Біз бұған дейін уәде бергеніміздей, Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп өсіре береді. Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік», — дейді Тоқаев.

Ірі кәсіпорындарға 5 жыл сайын аудит жасалады
«Жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы көп болып кетті. Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет. Сондықтан ірі өндіріс кәсіпорындарында 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасалуы керек», — деді ол.

«Келешек» ерікті жинақтау жүйесі пайда болады
«Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағдарламада Мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс», — деді Президент.

Кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдайды
«Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың психикалық саулығы — өте маңызды мәселе. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек. Сапалы орта білім алу — әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз — «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет», — деді Тоқаев.

Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығы беріледі
«Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп санаймын. Бұл, ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет», — деді Тоқаев.

Air Astana компаниясы халықтық ІРО-ға шығарылады
«Басты мақсат — активтерді басқару ісінің ашықтығын және тиімділігін барынша арттыру. «Самұрық-Қазына» қорының бейінді емес активтерінің бәрі жеке меншікке және халықтық ІРО-ға өтуі керек. Үкімет бұл жұмысты 2024 жылдан бастап қолға алады. Келесі жылы Air Astana компаниясы халықтық ІРО-ға шығарылады. QazaqGaz кәсіпорны да осы жұмысқа дайындалуы керек. Ірі компаниялардағы мемлекет активтері саудаға шығуға тиіс», — деді Тоқаев.

АЭС салу референдум арқылы шешіледі
«Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі — бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», — деді Тоқаев.

2024 жылы ұлттық төлем жүйесін толық енгізу тапсырылды

«Былтыр Ұлттық банк ұлттық төлем жүйесінің бірінші бөлігі — жылдам төлемдер жүйесін іске қосты. Қазіргі таңда бұл жүйе пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Ұлттық банкке 2024 жылы Ұлттық төлем жүйесін толық енгізу жұмысын аяқтауды тапсырамын», — деді Мемлекет басшысы.

«Отбасы банктің» қызметін қайта қарау тапсырылды
«Былтыр Ұлттық банк ұлттық төлем жүйесінің бірінші бөлігі — жылдам төлемдер жүйесін іске қосты. Қазіргі таңда бұл жүйе пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Ұлттық банкке 2024 жылы Ұлттық төлем жүйесін толық енгізу жұмысын аяқтауды тапсырамын», — деді Мемлекет басшысы.

Қазақстанға шетелдік үш банк келеді
«Бүгінде елімізде 21 банк бар. Бұл ретте бірнеше ірі банктер ғана корпоративтік несиелеумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен айналысады. Сондықтан ұлғайту мақсатында бұл саладағы бәсекелестік үшін елімізге сенімді шетелдік үш банк тартылуы керек», — деді Мемлекет басшысы.

Су тапшылығы қашан сезілетіні айтылды
«2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз — трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар — баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу — Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер», — деді Тоқаев.

Инвесторлар салықтан босатылады
«Өңдеу өнеркәсібін қолдау мақсатында шетелдік және отандық инвесторларды алғашқы үш жылда салықтар мен басқа да міндетті төлемдерден босату қажет. Бұл — өңдеуші индустрияға елеулі серпін беруі тиіс маңызды сәт», — деді Мемлекет басшысы.

Туризм саласында нақты тапсырмалар берілді
«Еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді. Кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн», — деді Президент.

«Ұлттық қор — балаларға». Ақша қашаннан бастап түседі?
«Ұлттық қор — балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды», — деді Тоқаев