Шымкентке жаңа әкім тағайындалды

633

Шымкентке жаңа әкім болып Ғабит Сыздықбеков тағайындалды.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбеков Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалды», — делінген хабарламада.

Ғабит Сыздықбеков Шымкентте дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң университетін, Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген.

Еңбек жолын 2004 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік хаттама қызметінің атташесі болып бастады. Осы жылдар ішінде Сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік хаттама қызметінің үшінші хатшысы, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Еуропа және Америка департаментінің үшінші хатшысы, ҚР СІМ баспасөз қызметінің екінші хатшысы қызметтерін атқарды.

Сыздықбеков сондай-ақ Парламент Сенаты аппаратында түрлі қызметтер атқарған, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің бастығы, Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің кеңесшісі қызметтерін атқарған.

2017 жылдың тамызында ҚР Сыртқы істер министрлігі Әкімшілік және бақылау департаментінің кеңесшісі болып тағайындалды, кейін Парламент Сенаты Төрағасының кеңесшісі болды, ҚР Сыртқы істер министрлігімен өзара әрекеттесу бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. Ол Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі қызметін де атқарған.

2019 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстанның Сербиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды. 2021 жылдың шілде айынан бастап Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Еске салайық, Мұрат Әйтенов Шымкент қаласының әкімі болып 2020 жылдың қаңтарында тағайындалған болатын. 2022 жылғы президент сайлауынан кейін ол Шымкент қаласының басшысы болып қайта тағайындалды. Бүгін президент Жарлығымен ол қызметінен босатылды.