Әлем жұрты жаппай әскерін қаруландырып жатыр. Біз ше?..

1431

Бұған дейін нашар қаруланған әскери топтарға қарсы соғыстар тұрақты орын алып, онда АҚШ пен РФ арағайын болып, бірін демеп, енді бірін сорлатып келген дәуір көзден бұлбұлдай ұшты. Жақсы қаруланған елдер арасындағы соғыс Қарабақтан бастау алып, адамзат жасаған ең соңғы қару-жарақ үлгілері сыналып, әскери соғыс тарихы жаңа дәуірдің парағын ашты.

Соның арқасында әлемде әртүрлі қақтығыстар мен соғыстар, соның ішінде Украина-Ресей, Израиль-Құдыс, Армения-Әзербайжан арасы ушығып тұрған тұста әлемнің бірқатар елдері әскери саланың бюджетін артыруға көшті. Тіпті, бұрын НАТО мұрын шүйірген Филандия мен Швеция оның мүшесіне айналды.

Қазір қару-жарақ қуаты артқан елдер саналатын: Иран, Түркия, Үндістан да Қытай мен Ресейден қалыспай жанталаса-қаруланудың соңына түсті. «Бұл әрекет ел экономикасына бұрынғыдай салмақ салмайды. Әрі қосарлы ғылым салаларының дамуына әкеледі», — дейді сарапшылар.

Олардың келтірген дәлелі — қазір тұрмыстық қолданыстағы жұртқа кең тараған һәм оларсыз бүгінгі тірлігімізді көзге елестете алмайтын техникалық құралдардың бәрі әуелі әскери салада қолданылып, кейін тұтыну саласында екінші тынысын алып отыр.

Бауырлас Түркия 2023 жылы қорғаныс саласына бөлген ақшасы бар-жоғы 16 млрд болса, енді 2024 жылы ол 40 млрд долларға жетіп, елдің әскери бюджетті 2,5 есеге артпақшы.

Ең жабық ел саналатын Иранның Украинадағы соғысқа дейінгі әскери бюджетті 2 млрд 458 млн болса, енді ол 6 млрд 847 миллионға жетіп отыр.

Үндістан да Құдыстағы қақтығыстан кейін 2023-2024 қаржы жылы қорғанысқа 5,94 триллион рупий ($72,6 миллиард) бөлмекші, бұл бұрынғы жоспарлаған қаржыдан 13 пайызға артық.

Бірақ АҚШ бұл елдердің жан-таласа қарулануын шыбын шаққан құрлы көрмейді. Ресейдің қауқары Украинадағы соғыстың батпағына батысымен-ақ белгілі болып қалды. Американың көз тікккені Қытай.

Крелмь тарапынан ядролық бопса күшейген тұста Қытайдың ядролық арсеналы артқаны туралы АҚШ мәлімдеп жатыр. Пентагон: «Дәл қазір Қытайда 500 ядролық оқтұмсық бар. Ал, олардың саны 2030 жылы 1000-ға жетеді», — деді. Дәл қазір Ресейде – 5889, АҚШ – 5244 ядролық оқтұмсық бар екені белгілі.

Бұрын әлем тек қана құрдымға кеткен КСРО мен АҚШ сынды екі елдің жан-таласа қарулануының куәсі болса, енді саяси салмағы басым елдердің бәрі алақандарына түкіріп, әскери бюджеттерін арттырып жатыр. Әлем әскерін қамдап, қаруландырып жатыр. Қазақстан да бұл тенденциядан қалыс қалмақ емес. Қазақстан Үкіметі Қорғаныс саласына бөлінетін бюджетті арттыратынын мәлімдеген. Ал соңғы жолдауында президент Тоқаев армияны қаруландыру және отандық әскери өндірісті қолдау туралы айтты.

Mezgil.kz