САЙЛАУДА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКЕН СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ҚЫЗМЕТІНЕ КІРІСТІ

1383
2023 жылдың 5 қарашасында пилоттық режимде өткен әкім сайлауының Созақ ауданы бойынша сайлау қорытындысымен Созақ ауданының әкімі болып Тұрысбеков Мұхит Сексенбайұлы сайланды.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды халықтың басым дауысымен қайта тағайындалған аудан әкімін аудан активіне қайта таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік-экономикалық мәселелерді жедел шешіп, халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша берілген тапсырмалары аясындағы жұмыстарды күшейтуді, инвестициялар тартып, ауданда өндірілетін өнім көлемін арттыру жөнінде бірқатар міндеттер жүктеді.
– Тұрғындар сізге қайта сенім білдіріп, үміт артып отыр. Бұл – екі есе жауапкершілікті арттырады. Жұмысты жандандыру керек. Жаңа өндіріс орындарын ашуға, жергілікті тұрғындарды жоғары жалақысы бар жұмыстармен қамтуға күш салу керек. Ауыл-аймақты назардан тыс қалдырмай, аудан орталығымен қатар дамытқан жөн. Абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс. Жаңа басшы өздеріңізбен бірге өңірдің дамуына аянбай еңбек ететініне сенім білдіремін, – деді облыс басшысы.
Жиында Созақ аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әбубәкір Сахиұлы сайлау нәтижесімен таныстырды. Созақ ауданы бойынша сайлауға 3 кандидат қатысты. Сайлаушылар тізіміне 35715 азамат енгізілді. Дауыс беруге 23948 сайлаушы қатысты. Сайлау қорытындысымен Созақ ауданының әкімі болып 16016 дауыс жинаған Мұхит Сексенбайұлы Тұрысбеков сайланды.
Мұхит Тұрысбеков 1967 жылы Түркістан облысы (Оңтүстік Қазақстан облысы), Созақ ауданында дүниеге келген. 1991 жылы Қазақ химия-технология институтында, 1999 жылы «Қайнар» университетінде білім алған. Мамандықтары – инженер-құрылысшы және шетел тілін меңгерген халықаралық экономикалық қатынастар маманы. Ол Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру аймақтық комитеті кадрлық жұмыс бөлімі және талдау, бақылау және қаржыны жайғастыру жөніндегі басқармасында басшылық лауазымдарда қызмет еткен. ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Солтүстік Қазақстан департаментінің басшысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданының әкімі, «Қуат жылу орталық-3» МКК-нің директоры, Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы, 2022 жылдың қаңтар айынан бастап Созақ ауданының әкімі қызметтерін атқарған.
Өз кезегінде Мұхит Тұрысбеков сенім білдірген халыққа және облыс башысына алғысын білдіріп, аудан экономикасын көтеру бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі