Футболдан Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан 4 команда да белгілі болды. Екінші күнгі ширек финалдық ойындар қорытындысы бойынша «Реал Мадрид» пен «Бавария» жарысты жалғастыратын болды.
Чемпиондар лигасы, ширек финал, қарымта ойын
«Бавария» (Германия) — «Арсенал» (Англия) — 1:0 (бірінші ойын — 2:2)
Гол соққан: Джошуа Киммих, 63
Мюнхенде өткен қарымта ойында алаң иелері 1:0 есебімен жеңіске жетті. 63-минутта Йозуа Киммих соққан гол команданы жартылай финалға алып шықты.
Чемпиондар лигасы, ширек финал, қарымта ойын
«Манчестер Сити» (Англия) — «Реал Мадрид» (Испания) — 1:1 (бірінші ойын — 3:3, пен: 3:4)
Гол соққандар: Де Брейне 76 – Родриго 12
Пенальти соға алмады: Б. Сильва, М. Ковачич – Модрич
Хосеп Гвардиола мен Карло Анчелотти командалары арасындағы ойын тартысқа толы өтті. «Эмирейтсте» алаң иелері шабуылда ширақ ойнап, доп ұстау мен қауіпті сәт туындату көрсеткіші бойынша әлдеқайда алда болды. Алайда командалар негізгі уақытта 1:1 есебімен тең ойнады. Алдымен 12-минутта Родриго «корольдік клубты» алға шығарса, 76-минутта Кевин де Брейне есепті теңестірді. Қосымша уақытта да командалар жеңімпазды анықтай алмай, нәтижесінде жартылай финал жолдамасы пенальти сериясы бойынша анықталды.
11 метрлік айып соққысын тебуде «Манчестер Сити» сапынан Бернарду Сильва мен Матео Ковачич мүлт кетті, ал «Реал» сапынан Лука Модрич пенальти соға алмады. Өзге ойыншылар өз мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланып, мадридтік команда 3:4 есебімен жеңіске жетті.
Жартылай финалда «Бавария» мен «Реал» кездеседі. Ал екінші жұпта ПСЖ мен «Боруссия Д» командалары финал жолдамасына таласады. Алғашқы ойын 30 сәуір, қарымта кездесулер 7 мамырға жоспарланған.
massaget.kz