Шымкентте жол жұмыстарына бөлінген қаржының 99 млн теңгесін жымқырған есепшілер сотталды

1129

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Тұран ауданы әкімі аппаратының «Тұран» КММ бас бухгалтері М. Асановаға және Төлеби ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Жарық-Жол» КММ бас бухгалтері К. Бесбаеваға қатысты үкім шығарды.

Олар автомобиль жолдарының жұмысына бөлінген бюджет қаражатын жымқырғаны және талан-таражға салғаны үшін кінәлі деп танылды.

«Асанова мен Бесбаева жалған бухгалтерлік құжаттар негізінде үлестес кәсіпорындарға қаражатты заңсыз аударды, сондай-ақ 2023 жылдың ақпан-желтоқсан айлары аралығында жұмыс істемеген тұлғаларға жалақыны жүйелі түрде аударып отырды. Нәтижесінде жымқырған қаражаттың жалпы сомасы 99 миллион теңгеден асты», — деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаров журналистерге арналған брифингте.

Сот үкімімен Асанова мен Бесбаеваға сәйкесінше 8 және 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Олар енді өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқара алмайды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.