«Қайраттың» ойыншысы осымен үшінші рет үздік қақпашы атанды

1341
«Қайрат» футзал клубының қақпашысы Игита 2018 жылдың үздік қақпашысы атанды, деп хабарлайды Ardak.kz.
Футзал жайында жазатын беделді Futsal Planet порталы қазылар алқасы мен сарапшылардың пікірлерін ескере келе, Futsal Planet Award байқауының қорытындыларына орай, әлемнің үздік футзалшыларын анықтады. «2018 жылдың үздік қақпашысы» аталымында Алматының «Қайрат» футзал клубының және Қазақстан құрамасының голкипері Игита 482 дауыс жинап, жеңіске жетті. Оның басты бәсекелесі — Испанияның «Интер Мовистар» клубының қақпашысы Хесус Херреро Паррон 453 дауыс жинады. Игита бұған дейін 2015 және 2016 жылдары да әлемнің үздік қақпашысы атанған еді. Еске сала кетейік, биылғы УЕФА Чемпиондар лигасының финалдық кезеңі 2019 жылдың сәуірінде Алматыдағы «Алматы аренада» өтеді. Паркет иелері, беделді турнирдің екі дүркін жеңімпазы «Қайраттан» тыс, осы титулдың екі дүркін иелері «Барселона», қазіргі чемпион «Интер Мовистар (екеуі де Испания клубтары) және Португалияның «Спортинг» командалары қатысады.
Автор: Альберт Ахметов