Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда рөлі оң жақта орналасқан жүргізушілерге такси қызметін атқаруға шектеу енгізілетінін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ол министрлік InDriver компаниясымен тиісті меморандумға қол қойғанын еске салды.
Құжатта оң рөлді көліктерді InDriver жүйесінде тіркеуден бас тарту қарастырылған. Демек, оң рөлді көліктерге такси қызметін атқаруға тыйым салынады. Сондықтан InDriver де, Яндекс компаниясы да (мұндай көліктерді) өз қосымшаларында тіркемейді, — деді Қарабаев Үкіметтің баспасөз орталығында.
2025 жылғы 1 қаңтарға дейін Яндекс, InDriver компаниялары оң рөлді көліктерді анықтап, такси қызметін атқаруға рұқсат бермейді.
«Осындай шектеу осыған дейін рөлі оң жақта болған, кейін оны сол жаққа ауыстырған көліктерге де қатысты болады. Рөлі сол жаққа ауыстырылған оң жақ рөлді көліктер бар. Олар қазақстандықтардың денсаулығына және көлік қозғалысына қауіп төндіреді. Сондықтан оң рөлді көліктерде 13 таңбалы VIN коды бар, ал сол рөлді көліктерде 17 таңбалы VIN коды таңбаланған. Бұл тұрғыда, такси қызметтері осындай көліктерді анықтап, 1 қаңтардан бастап жұмысын шектейді. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілердің тізімін ұсынады. Осы жүргізушілер такси жүйесінен шығарылады», — деді ведомство басшысы.