Белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев еліміздегі саяси және әлеуметтік-экономикалық ахуалға терең талдау жасады. Жыл сайынғы жолдаудың жыры, несиеге батқан халық пен ұлттық қорға қол жайып отырған үкіметтегілер және экономикалық тұрақсыздық жағдайында АЭС-ті салу мемлекетті қандай тәуекелдерге әкелетінін Orda.kz тілшісімен сұхбатта бөлісті.
Саясаттанушы өзге де индульгенция мен тәубесіне келіп бостандығын мемлекеттен сатып алғандар мен «жаңа» және «ескі» Қазақстан шенеуніктерінің шетелдегі зәулім үйлері мен активтері жайлы да сөз қозғады.
Жолдау «жыры», жыл сайынғы жаңғыру, нәтиже қайда?
— Досым мырза, соңғы уақытта қоғамда резонанс туғызған саяси әрі әлеуметтік мәселелер жетерлік. Сұхбатымыздың әлқиссасын жолдаудан бастасақ. Жалпы сіздің жыл сайынғы жолдауға деген көзқарасыңызды білеміз, дегенімен, биыл былтырғыға қарағанда іліп алар өзгешелік таптыңыз ба?
Мәселе жолдаудың мазмұнында емес. Шыны керек, жолдау биыл да құлаққа жауыр болып, жыл сайынғы сағызша созылған тақырыптардың төңірегінде тапталып қалды. Халықтың табысын арттыру, орта тапты нығайту, моноқалаларды қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту, бюджеттің қаражатын тиімді пайдалану мәселелерінен арыға аса алмады. Сол 30 жылғы «жырдың» жалғасы десек те болады. Жолдауға келгенде басты мәселе ол бұрынғы айтылған мәселелердің орындалмай қадағалаусыз қаз қалпында қалып, қайтадан жаңа парақтан жолдауды жаңғырта беру.
Мұның ешқандай нәтиже әкелмейтінін қарапайым халық баяғыда түсініп алды.Тағы бір мәселе жолдаудың нақты адресатының жоқтығы. Қоғам мұндай біржақты коммуникация түрін әлдеқашан қабылдауды қойды. Еш қызық емес.
Ал мемлекеттік аппарат қағазбастылық аясында жолдаудан жолдауға дейін өмір сүріп келеді. Олар үшін нәтиже аса маңызды емес. Барлық деңгейдегі шенеуніктер үшін бұл күнделікті қайталанатын іс ғана. Ең бастысы есеп беріп үлгерсе болды. Осылайша, қазіргі жағдайда жыл сайынғы жолдау – бұл билік пен халық арасындағы жалған байланыс орнату. Негізі жолдауда мемлекеттің негізгі даму стратегияларын анықтаса да жеткілікті. Ең бастысы уақыт пен қаржы босқа кетпеуі үшін президент мемлекеттік аппарат жұмысын қатаң бақылауы қажет.
Жүйенің жүйесіз жұмысы кедейлікке жол ашты ма?
— Осы соңғы айтылған ойыңызды орындауға Тоқаевқа не кедергі?
Менің ойымша бұған келгенде Тоқаевтың 3 басты мәселесі бар. Біріншіден, тұралап қалған әрі бұрынғы шешілмеген мәселелерге жаңасының келіп қосылуы мен уақыттың тапшылығы. Алысқа көз жүгіртпей-ақ, Екібастұздағы ЖЭО-ның жырын мысал ретінде келтірсек болады. Енді осы сынды осал аймақтарға тағы да басқа мәселелердің келіп қосылуы ауыр соққы болары айтпаса да түсінікті. Екіншіден, реформаторлардың жетіспеушілігі. «Ұжымдық Назарбаев» ешқайда кеткен жоқ екенін ұмытпайық. Үшіншіден, шынайы «Жаңа бағыттың» жоқтығы, өйткені «Жаңа» немесе «Әділетті» Қазақстан – бұл реформа емес. Ашығын айтқанда бұл жай ғана саяси технологиялық қадам. Оны қазіргі мемлекеттік аппараттағы ұжым жағдайында іске асыру мүмкін емес.
Премьер-министр мен үкіметте мемлекеттік құрылымдардың жұмысын бағалайтын маңызды құрал болып саналатын әрі елдегі нақты жағдайды көрсететін сенімді мемлекеттік статистика жоқ. Нақты статистикалық мәліметтердің болмауы, бұрынғыдай, түрлі салаларда дұрыс емес басқарушылық шешімдер қабылдауға негіз болады. Бұл ерте ме, кеш пе, жаңа «әлеуметтік жарылыстарға» әкеледі.
Үкімет – бұл айсбергтің тек ұшы ғана, өйткені түрлі экономикалық бағдарламаларды жүзеге асырудағы үлкен олқылықтар дәстүрлі түрде өңірлерде әлі күнге жалғасып келеді. Оның ішінде әкімдердің тиімсіз жұмысының салдарынан екендігі тағы бар. Бұл дегеніміз Назарбаев «дәуіріндегідей» орталықта қабылданған шешімдер өңірлерде нашар орындалады деген сөз. Қысқаша қайырар болсақ, бұл басқару жүйесіндегі вертикальдің бұрмалануын көрсетеді.
— Ал енді осындай мемлекеттік басқару тәсілінде елдегі экономика жағы қалай бағыт алады деп ойласыз?
Мұндай басқару тәсілінде ресми түрде жарияланған мақсат – алдағы бес жылда ЖІӨ өсімін 2029 жылға қарай 450 миллиард долларға немесе 6-7% деңгейінде қамтамасыз ету іс жүзінде жүзеге асырылмайтындығын көрсетеді. Ал үкімет бүкіл мемлекеттік аппарат бұл көрсеткіштерге сәйкес цифрлық мәліметтерді жасанды түрде сәйкестендіру үшін айды аспаннан біра-ақ шығару да әбден мүмкін. Мысалы, кейбір сарапшылар Қазақстан экономикасы 2023 жылмен салыстырғанда айтарлықтай баяулағанын, ал 2024 жылдың алғашқы алты айындағы өсім небәрі 3%-дан сәл ғана асқанын атап өтті.
Айтпақшы, дүниежүзілік банк өзінің соңғы шолуында 2012-2022 жылдар аралығын Қазақстан экономикасы үшін «жоғалған 10 жылдық» деп атады. Себебі осы кезеңде өндіріс өнімділігінің өсімі жылына 4,5%-дан 0,9%-ға дейін баяулады. Сондықтан, мемлекеттік басқару сапасын арттырмай және шенеуніктердің экономикадағы рөлін азайтпайтын болсақ, тағы бір «10 жылдықты жоғалтып» алуымыз мүмкін деген қауіп бар.
— Осы тұрғыда жолдауда халықтың қарыз бен несиеге әбден батқандығы айтылды. Халықтың табысын арттыру қажеттілігі де сөз болды. Сіз айтқан көрсеткіштерге сенсек, бұл мүмкін еместей көрінеді?
Өйткені елде кедейлік деңгейі өсуде. Қазақстанда ресми түрде белгіленген кедейлік деңгейі әлі күнге дейін халықаралық стандарттардан әлдеқайда төмен. Шенеуніктердің пікірінше, кедей болып тек ай сайынғы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 49 500 теңгеден төмен адам ғана саналады.
Сонымен қатар, дүниежүзілік банк Қазақстандағы кедейлік шегін айына 205 АҚШ долларынан сәл жоғары деп белгіледі. Бұл дегеніміз, билік өздерінің мұнтаздай статистикасын бұзбау үшін қайтадан кедейлік деңгейіне қатысты цифрларды «сызып отыр» деген сөз. Өз кезегінде, жуырда жүргізілген талдауға сәйкес, Қазақстан тұрғындарының шамамен 50%-ы ай сайынғы табысы ең төменгі жалақыдан, яғни 85 мың теңгеден аспайтын қаражатқа өмір сүреді. Жолдауда инфляцияны 2,5 есе төмендету туралы да айтылды. Алайда бұрын азық-түлік себеті азаматтардың табысының 50%-ын құраса, қазір адамдар табысының 70%-ға дейінін азық-түлікке жұмсайды. Энгель коэффициентіне сәйкес, егер адамдар табысының 60%-дан астамын азық-түлікке жұмсаса, онда бұл ел кедей дегенді білдіреді.
Осы орайда айта кетейін, 2023 жылы Қазақстан тұрақты даму мақсаттары рейтингінде 2020 жылғы деңгейге қайта түсіп, 166 елдің ішінде 66-орынды иеленді. Бұл рейтингтегі төмендеудің негізгі себебі – әлеуметтік теңсіздік пен кедейлер санының өсуі. Осының бәрі бюджет тапшылығының өсуі мен ұлттық қор табыстарының төмендеуі аясында болып жатыр. Мысалы, сарапшылардың бағалауы бойынша, 2023 жылы мұнай-газ компанияларынан түскен тікелей салықтар ұлттық қорға түскен 2022 жылмен салыстырғанда 29%-ға төмендеді. Сонымен қатар, ұлттық қордан бюджетке 3 жыл ішінде болжам бойынша, 6 триллион теңге көлемінде трансферттер бөлінеді.
Жақында белгілі экономист Алмас Чукин 2024 жылдың бірінші жарты жылдығындағы «Бюджеттің орындалуы туралы қысқаша жазбаны» талдап, табыс жоспары 6,9 триллион теңгені құрағанымен, небары 5,6 триллион теңге жиналғанын анықтады. Сонымен қатар, шығыстар 10,7 триллион теңгеге жетіп, бюджет тапшылығы шамамен 50%-ға тең болды.
Бұл Ұлттық даму жоспарының мақсаттарына сәйкес келмейді. 2029 жылға дейін бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 2,1%-на дейін қысқарту және салық түсімдерін 22,7%-ға дейін арттыру жоспарланған болатын. 2029 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеті жылдық президенттік мерзімі аяқталуы керек, егер ол конституциялық өзгерістер арқылы бұл мерзімді ұзартпаса. Алайда қазіргі таңда бюджет тапшылығының өсуі президент пен оның командасына үлкен қиындық туғызып отыр, себебі олар әлеуметтік шиеленісті төмендету үшін әлеуметтік шығындарды арттыруды көздеп отыр, бірақ табыс азайып келеді.
Тәубеге келу (индульгенция) бостандықтың кілті
— Соңғы уақытта индульгенциямен тәубесіне келіп, мемлекеттің өз ақшасына шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды сатып алғандарға қоғам болып куәгер болдық. Алдағы уақытта бұл үрдіс жалғасын табады ма?
Кімді шартты түрде мерзімінен бұрын босату, кімді түрмеде отырғызу, ал кімді босатуға болатынына қатысты қосарлы стандарттардың қалыптасқынан байқадық. Бұл екі түрлі стандарттар Назарбаев кезінде қалыптасқан болатын, қазір де айтарлықтай өзгерген жоқ. Саяси баптар бойынша сотталғандарды толық мерзімге отырғызады, өйткені олар жария түрде өкінбейді. Себебі олардың кешірім сұрайтындай себептері жоқ.
Арон Атабекті де түрмеден тек науқас болып, қайтыс боларының алдында шығарды. Бұл бір биліктің кенеттен гуманизм немесе мейірімділікті сезіне қалғандарынан емес. Билік оның түрмеде қайтыс болуынан қорықты. Өйткені бұл олардың беделіне нұқсан келтіреді деп сескенді. Ал жемқорлық қылмыстары үшін айыпталғандар түрмеде ұзақ отырмайды. Себебі биліктің логикасы бойынша, қауіп төндіретіндер — ұрлық жасағандар емес, оппозициялық қызметпен айналысқандар. Ал жемқорлар мен мемлекет мүлкін талан-таражға салғандар биліктегілерге менталитет жағынан жақын.
Тіпті қазір олар өз «индульгенциясын» ойлап тапқан. Оларды миллиардтарды ұрлағанын мойындатқан соң, билік тек қаржылық «липосакциядан» өтіп, тәубеге келіп, индульгенция сатып алуды сұрайды. Осылайша, олар аздап «арықтағанымен», әлі де бай күйінде түрме торынан оңай шығып, жазасын толық өтемей-ақ бостандыққа шығады.Былайша айтқанда, күнә жасадың, тәубеге келдің, индульгенция сатып алдың — енді күнәсізсің. Қазір билік үшін бірінші президенттің айналасындағы кейбір тұлғаларды қаржылай «майсыздандыру» маңыздырақ, өйткені осы арқылы басқа отбасы мүшелерін түрмеге дейін жеткізбей, өз активтерін ерікті түрде қайтаруға мәжбүрлемек.
Осы орайда бір саяси әзіл есіме түсіп отыр. Егер Назарбаев кезінде генетиктер ірі бизнеске қабілеттілік ең жақсы түрде қайын атасынан күйеу балаға берілетінін анықтаса, Тоқаев кезінде генетиктер өзгерістер енгізіп, ірі бизнесті сақтап қалу қабілеттілігі бөлісе білген адамға берілетінін анықтады.
Олигархтардың зәулім үйлері
— Олигархтардың билікпен бөлісу қаблеттілігін арттыру жайлы осы жолғы жолдауда шегеленіп айтылуы нені білдіреді?
Иә, ресми деңгейде қосымша кіріс көздерінің бірі ретінде шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару қарастырылады. Бұл қаражат, жолдауда айтылғандай, «мектептер, ауруханалар, стадиондар, музейлер және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандардың құрылысына» жұмсалуы тиіс. Идея, әрине, жақсы, бірақ басты мәселе – оның жүзеге асырылуындағы егжей-тегжейде. Мысалы, жолдауда активтерді қайтарғандар «қайырымдылықтың алтын тізіміне» енгізілетіні айтылды. Ал қайтармағандармен «басқаша әңгіме» болады деп ескертілді. Бәрі дұрыс сияқты. Бірақ билік бұл тізімге кімнің енетінін немесе енбейтінін өзі анықтайды, өйткені Активтерді қайтару жөніндегі комиссияның жұмысы ашық емес және көптеген нәрсе қоғамның бақылауынан тыс көлеңкеде қалатын болады.
Айтпақшы, президенттің тағы бір сөзінде, мемлекетке қайтарылған активтер туралы барлық ақпаратты және олардың мақсатты пайдаланылуын реттеу қажет екендігін айтты. Бірақ бұл сөздер комиссия бір жылдан астам уақыт жұмыс істегеннен кейін ғана айтылып отыр. Яғни, президенттің өзі кімнен не тәркіленгенін және оның қайда кеткендігін білмейтіндей көрінеді. Егер бұл бақылаусыз аймақ болса, онда қарапайым меншік бөлісу туралы күдік туындайды.
— Соңғы уақытта БАҚ көздерінде шетелдегі, әсіресе Дубайға дорбаланып кеткен шенуніктердің зәулім үйлері мен активтері жайлы ақпараттар шығып жатыр?
Көптеген жылдар бойы Қазақстан элитасы мен олигархтарының Астана қаласынан басқа екі астанасы бар деген әзіл тараған еді: Солтүстік – Лондон және Оңтүстік – Дубай. Енді оған Мәскеу де қосылғаны анықталды. Қазақстанның қаржы министрлігінің мәліметтері бойынша, қазақстандық шенеуніктер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің жылжымайтын мүліктері ең көп шоғырланған елдер: Ресей, Түркия, Қырғызстан, Болгария және Біріккен Араб Әмірліктері.
Сонымен қатар, шетелдік банктерде, оның ішінде Ресей, АҚШ және Францияда, 100 млрд теңгеге жуық қаржы сақталған. Әрине, бұл тек ресми декларацияланған мүліктер мен шоттар ғана. Декларацияланбаған активтердің саны әлдеқайда көп. Бұл фактілер бір-ақ нәрсені айтып тұр. Яғни, көптеген билік өкілдері өз болашағын Қазақстанмен байланыстырмай, шетелдегі мүліктерін бастарына іс түскен жағдайда қорғаныс ретінде қарастыратынын көрсетеді.
АЭС салудың тәуекелдері
– Сіздің ойыңызша АЭС салу біздің елді қандай тәуекелдерге әкеліп соқтыруы мүмкін?
АЭС салу – бұл әрдайым геосаясат, сондықтан ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен тікелей байланысты. Мұнда тек энергетикалық қауіпсіздік қана емес, сондай-ақ саяси қауіпсіздік туралы да сөз болып отыр. Өйткені, АЭС – қымбат жоба, ол ұзақ салынып, ондаған жылдар бойы жұмыс істейді. Егер өз технологияларың болмаса және шетелдік серіктесті тартсаң, онда бұл мемлекет АЭС-ті салған елге қатты тәуелді болып қалады.
Технология, кадрларды даярлау, қалдықтарды кәдеге жарату тұрғысынан және басқа да көптеген мәселелерде тәуелділік артады. Сондықтан, көптеген ірі АЭС құрылысшылары өз нарығына басқа елдердің мүдделерін қорғауы мүмкін шетелдік компанияларды кіргізбеуі таңқаларлық емес.
АЭС-і бар елдердің көпшілігі, мысалы, Қазақстан секілді үлкен газ қорларына ие емес. Қазақстан болса, соңғы 30 жылда газды өңдеп, оны бүкіл ел бойынша пайдалануды бастамай, кен орындарында үлкен көлемде газды босқа жақты. Бұл туралы енді ғана ойлануда.
Сондықтан Әсет Наурызбаев АЭС 60–80 жыл жұмыс істеп, үш-төрт ұрпақ электр энергиясын алса да, оның арзан болатынына кепілдік жоқ екенін айтқанда дұрыс айтады. Ал одан кейінгі ондаған, тіпті жүздеген ұрпаққа радиациялық қалдықтар тау болып қалады, оларды қорғау қажет болады. Бірақ сол уақытқа дейін АЭС-ті қолдаған лоббистер билікте болмайды. Қазіргі уақытта да Қазақстанды «жарқын болашақ» ұрандарымен ЕАЭО-ға кіргізуді белсенді қолдаған адамдар билікте жоқ.
– Екібастұз ЖЭО-да орын алған оқиға бүкіл елдің көз алдында өтті. Апатты жағдайдан шығу процесі ұзаққа созылды. Бұл билікке жеткілікті сабақ болмағаны ма?
Жақында осыған қатысты экономист Алмас Чукин Қазақстанда АЭС салуға болмайтын бірнеше себепті атап өтті. Біріншіден, әлемде 31 елде 415 ядролық реактор бар, және 1950-жылдардан бері, олар пайда болғаннан бері 100-ден астам ірі инциденттер орын алды. Сол 100 инциденттің үшеуі аса қауіпті болды. Сондықтан, құдай сақтасын, егер Балқаш маңындағы АЭС-те 40-50 жыл ішінде бірдеңе болса, онда Алматыны қоса алғанда, халық тығыз орналасқан аймақтар тәуекел аймағында қалады. Екіншіден, экономикалық салмақ үлкен болады, өйткені барлық жұмыстарға $12-15 миллиард қажет. Жалпы құрылыс ұзаққа созылуы мүмкін, ал ақшаны пайыздық несиемен алу қажет. АЭС жұмысы аяқталғаннан кейін ядролық қалдықтарды жою мен станцияны жабуға тағы миллиардтаған доллар қажет болады. Үшіншіден, АЭС-тен алынатын электр қуатының бір кВт-сағ бағасы төмен болатынына және оның қуатының бәріне жететініне кепіл жоқ, өйткені Алмас Чукиннің пікірінше, АЭС шын мәнінде үлкен емес – бар болғаны 2,2 гигаватт. Салыстырмалы түрде айтсақ, Екібастұз-1 станциясы 4 гигаватт береді. Осылайша, артықшылықтарға қарағанда кемшіліктер көп.
Сонымен қатар, бұл жобаның геосаяси аспектісі мен қосымша тәуекелдері бар. АЭС жақтаушылары Балқаш маңындағы АЭС аз мөлшерде су тұтынады деп сендіргенімен, өткен жылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ керісінше, АЭС орнын таңдау мәселесі Балқаш көлінің тартылуымен қиындап жатқанын мәлімдеді. Қазақстанның соңғы уақытта трансшекаралық өзендердегі суды бөлісу бойынша Қытаймен белсенді келіссөздер жүргізе бастауы да таңқаларлық емес. Атап айтқанда, Қазақстан Балқаш көліне қажетті су көлемін қамтамасыз етуге үлкен көңіл бөліп отырғаны айтылды. Яғни, бұл жағдайда да Қазақстан Қытайдың қолында трансшекаралық өзендердегі суды бөлуді бақылау сияқты үлкен ықпал тетігі болғандықтан, тағы да басқа көршіге тәуелді болады.
Референдум шынайылығы
– Неге осы эксперттер келтірген фактілер мен пікірлерге билік құлақ аспай отыр. Референдумды қалай өтеді деп ойласыз?
Референдум олар үшін тек бұрыннан қабылданған шешімді заңды түрде бекіту болып табылады, бұған дейін болған сайлаулардағыдай, кім қалай дауыс бергені емес, кімнің қалай санағаны маңыздырақ. Қазақстан үшін АЭС бойынша референдум Қасым-Жомарт Тоқаевтың билікке келгеннен бергі екінші референдумы болмақ. Билік ресми түрде референдумның нәтижесіне жауапкершілікті халықтың пікірі деп аударуға тырысады, осылайша қабылданған шешімнің заңдылығын көрсететін иллюзияны қалыптастыруға тырысады, бірақ бүкіл дауыс беру процесін және оның қорытындысын толық бақылауда ұстайтын болады. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер АЭС салуға қызығушылықтарын көрсетіп қойған. Сондықтан көшелерде АЭС құрылысына дауыс беруге шақыратын билбордтар ілінген.
Сол себепті АЭС құрылысына қатысты кез келген сыннан ақпараттық кеңістіктің белсенді түрде тазартылып жатқанын көрудеміз, өйткені мұндай бұйрық жоғарыдан берілген. Осылайша, бұл референдум арқылы билік «Еститін мемлекеттің» қандай болатынын халыққа да, өз-өздеріне де тағы да шегелеп тұрып дәлелдеп береді деуге болады.
Қорытынды
Сұхбатымызды қорытындылай келе, Қазақстан болашағына әсер ететін маңызды шешімдер алдында тұрғаны анық. Экономикалық қиындықтардан бастап, АЭС құрылысы мен әлеуметтік мәселелерге дейінгі барлық тақырыптар үлкен алаңдаушылық тудырады.
Экономикалық және әлеуметтік мәселелер кез келген қоғамға тән, және бұл туралы ашық айту қалыпты жағдай.
Біздің мақсатымыз – сын айту емес, конструктивті диалогқа ықпал ету. Қоғамдағы мәселелерді үнемі көтеру арқылы біз өзгерістерге қол жеткізе аламыз. Ол үшін Orda.kz алдағы уақытта тағы да жоғарыда аталған мәселелер төңірегінде белгілі саясаткерлер мен әрі эксперттердің сұхбаттар сериясын жариялайтын болады.