Өткен күзде «Қоғамдық бақылау туралы»заң қабылданып, петицияға байланысты біршама өзгеріс енгізілгені есіңізде болар.
Иә, петиция заңды ұғым ретінде енгізіліп, оны беру мен қарастыру тәртібі бекітілді. Азаматтарға арнайы интернет порталда петиция жариялауға мүмкіндік жасалып, 50 мың дауыс жинаған мәселе жауапты мекемеде қаралатыны айтылды. Ал облыстық әкімдіктер мен мәслихат қарайтын мәселелерге қатысты тұрғындардың кемінде 1-2 пайызы қол қоюы қажет. Заң күшіне еніп, epetition.kz сайты іске кіріскен соң азаматтық қоғамның белсенділігі байқалып отыр. Ал оны қарастыру жағы ше?
Алдымен тиісті платформада жарияланған петицияларға шолу жасайық. Соңғы айларда көтерілген мәселелерді заңнамаларға, әлеуметтік тақырыптарға, жергілікті проблемаларға, балаларға қатысты деп бірнеше топқа бөлуге болады. Одан да басқа салалық дүниелер сөз болып, талқыға салынып жатады.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет, еститін үкімет» дегендер неге актуалды? Мұндай тақырыптардың мемлекеттік деңгейде қозғалуының өзі билік пен халық арасындағы байланыстың нашар екенін, оны жауаптылар түсініп отырғанын дәлелдейді. Бюрократия мен азаматтық қоғамның «жуастығы», құқықтық сауатсыздық пен тағы да басқа факторлар халық үнінің көбіне елеусіз қалуына әсер етіп келді. Бұл үрдіс әлі жойылған жоқ. Алайда прогресс бар. Петиция ұғымы мен процесі сауаты мен белсендігі артып келе жатқан қоғам үшін, жалпы демократиялы мемлекет үшін тиімді құрал, жақсы әдіс. Сол себептен де, азаматтар оны қолданып, осы күнге дейін айта алмаған, айтып шешімін таба алмаған сұрақтарын көтеруге мүмкіндік беріп отыр. Демек, ресми петиция платформасындағы тақырыптарға қарап, елдегі мәселелер туралы қорытынды жасауға әбден мүмкіндік бар», – дейді әлеуметтанушы Құралай Әділжанқызы.
Расында epetition.kz сайтында жарияланымдар саны көп, аргументтер сапалы, ұсыныстар нақты. Ондағы мазмұнға қарап, елдегі проблемалар желісін түсінуге болады. Мысалы, ата-аналар балаларының өмір салты мен болашағына жиі алаңдайды екен. Олар балабақшалардағы тамақтану рационына жемістер мен көкөністерді қосып, қантты азайтуды, мемлекеттік стандарттарды қайта қарауды сұраған. Екінші бір петицияда бөбекжайлардағы биометриялық аутентификацияны алып тастауды талап етеді. Авторлар Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Атырау облыстарында үш жылдан бері жүріп жатқан пилоттық жоба жеке деректер мен оларды қорғау туралы заңға қайшы деп есептейді. Айтпақшы, орыс тілді мемлекеттік балабақшалардың аз екені жайлы, «Бөбек» орталығын жабуға қарсы, мектеп формасына қатысты петициялар да бар.
Осы секілді заңнамалар мен олардың өзгерісіне қатысты да ұсыныстар көп. Мәселен, әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу, арнайы салық режимдерін қолданатын микрокәсіпкерлік немесе шағын кәсіпкерлік субъектілерді салық төлеуден босату сынды тақырыптар терең талданып, нақты қақтығыс нүктелері көрсетілген. Ақылы автотұрақты төлеу механизмі мен оған қатысты айыппұлдар жөнінде де біршама мәселе айтылыпты. Авторлар адами фактор мен қаладағы өмір ритмін, тегін автотұрақтардың жоқтығы мен орын жетіспеушілігін, процестің түсініксіз, тым формалды тұстарын айтып, бұған қатысты өзгерістерді талап етеді. Электросамокаттарды жалға беруге тыйым салуды сұрайтын петиция да бар. Тағы тыныштықты бұзғандарға қолданылатын әкімшілік жазаны көбейту сынды ұсыныстар кездеседі.
Мұндай петиция бір емес, бірнеше рет жарияланған. Әсіресе нақты мекенжай мен елді мекен атынан келетін өтініштердің қатары қалың. Олар белгілі бір кәсіпорынды немесе тағы сол секілді мекемені көрсетіп, қандай да бір шара қолдануды көздейді. Жалпы, петициялардың арасында өңірлік проблематикалар көп кездеседі. Астаналықтар бірнеше мыңдаған тұрғыны бар тұрғын үй кешендерінің ортасына кәріздік тазарту қондырғысын орнатуға қарсы. Олар мемлекеттік тексерулер мен құрылысты жоспарлау барысындағы салғырттыққа наразы. Ал шымкенттіктер «Су ресурстары маркетинг» ЖШС-ын мемлекет меншігіне қайтаруды талап етіп жатыр. Тұрғындар стратегиялық маңызы бар нысанды монополистерге беру, халықтан шығатын шығынды арттыру заңға қайшы дейді. Сол секілді Қаскелең трассасын модернизациядан өткізу, жол жұмыстары жайлы, Ақтаудағы ауыз су мәселесі көтерілген. Бұл қаланың халқы премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр уәде еткен 10 мың адамдық заманауи футбол алаңын күтіп жүргендеріне үш жылдан асқанын айтып та петиция жолдаған.
Петициялардың арасында әлеуметтік мәселелер де жиі көтеріледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне бағытталған бір петиция салыстырмалы түрде көбірек қол жинаған. Онда инватакси мен оның қолайлылығын арттыру жайлы айтылады. Мүмкіндігі шектеулі, ерекше күтімді қажет ететін жандардың атынан жасалған петицияда инватаксилердің келе алмайтын, кешігетін кездері көп екені, таңда немесе түнде қозғалыстың жоқтығы сөз болған. Авторлар инватаксиді дамыған жеке қызметтермен қосу арқылы шешім іздеуді сұрайды. ІІМ жүргізетін түсіндіру жұмыстарын халыққа қолайлырақ ету, МӘМС жүйесін өзгерту, шахтерлардың зейнет жасын азайту, криптовалютамен төлем жасауды қарастыру, шетелдік төлқұжат құнын арзандату, алғашқы жарнасыз үй беру сынды да тақырыптар көтерілген. Алайда бұлардың ешқайсысы 50 мың қол жинай алмаған. Шекті көрсеткішке жеткен петициялар баршылық. Дегенмен олардың қаралуы да, талқылануы да қызық…
Жаздың басында шенеуніктерге құмар ойын ойнауға заң жүзінде тыйым салу туралы петиция жасалып, 50 мың қол жинады. Автор мен қолдаушылар Алматы облысында жасалған ресми статистикаларды келтіріп, жемқорлық тәуекелдерін алға тартты. Туризм және спорт министрлігі құрған жұмыс тобы талқылау өткізіп, ақыры соңында петицияда айтылған талаптарды мақұлдады. Сөйтіп, 9-қыркүйекте Қазақстанда ойын бизнесі және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңға енгізілген түзетулер күшіне енді. Енді мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарын ойнай алмайды. Дәл осы секілді, 50 мың дауыс жинап, тамызда талқыланған ЛГБТ насихатына қарсы петиция да ішінара қанағаттандырылды.
Петиция арқылы алға шығып жатқан тақырыптардың бәрі бірдей шешімін тауып жатқан жоқ. Утильалым мен уақыт белдеуіне қатысты шу естеріңізде болар. Бұл екі тақырып та қоғамда қызу талқыланып, петиция 50 мың қол жинады. Шығыстықтар таңның түнде атып, түсте оянып жүргендерін айтып, наразылық білдірді. Өңір-өңірден үн қосылып, видеолар, фотолар, ғылыми тұжырымдамалар мен тезистер ұсынылды. Алайда асығыс қабылданған шешім қарсылыққа қарамастан, өзгеріссіз қалды. Тамызда сауда және интеграция министрлігі петицияны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімін жариялады. Жұрт мұны президенттің бастамасы арқылы іске асқандықтан, бер жақтағылар батып ештеңе айта алмайды, қайта өзгертуге тәуекел ете алмайды деп біледі. Ал утильалым жайлы айтпаған, естімеген қазақстандық қалмаған шығар. Бұл осы күнге дейін жарияланған петициялар арасындағы ең белсендісі болды. Бірақ Шарлапаев шешімінен қайтпады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі біржақты шешім шығарды десті жұрт.
«Жарияланып жатқан петициялар мен олардың мазмұны, әлеуметтік топтар мен азаматтық қоғамның белсенділігі демократия принциптерін түсіне бастағанымыздың белгісі. Әрине, көпшілігі нәтижесіз қалып жатыр. Талаптар орындалмай қалып жүр. Кейде талқылаулар мен сол секілді процестер амалдың жоғынан жасалып жатқандай әсер қалдыратыны да рас. Десек те, саяси өмірге араласу, позицияны жеткізу – жақсы тенденция», – дейді саясаттанушы Ақжол Мәлік.
Баян Мұратбекқызы