Жаңа жыл жүргізушілерге жаңа айыппұл мөлшерімен басталды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан көптеген төлемдермен тығыз байланысты айлық есептік көрсеткіш көлемі 120 теңгеге өсіп, 2 405 теңгенің орнына 2 525 теңге болды. Яғни АЕК 5 пайызға жоғарылады. Демек, жол ережелерін бұзғанда салынатын айппұлдар да өсті деген сөз.
kolesa.kz сайтының хабарлауынша, жылдамдықты сағатына оннан жиырма шақырымға дейін арттырғандар 12 025 теңге айыппұл төлеп келген еді, ал енді 1 қаңтардан бастап оның көлемі 12 625 теңгеге тең болмақ. Тротуарда, гүлзарда, көгалда не балалар ойнайтын алаңдар мен спорт алаңдарында тоқтап тұрғандар бұдан былай 24 050 теңгенің орнына 25 250 теңге (10 АЕК) төлейтін болады. 2019 жылғы айыппұлдар кестесімен мына сілтемені басу арқылы таныса аласыздар.
Сонымен қатар, Көлік салығы да артты. Мысалы, 2018 жылы ел қазынасына 2 АЕК, яғни 4 810 теңге құйған шағын литражды (қозғалтқыш көлемі 1 100-ден 1 500 текше см-ге дейін) көлік иелері 2019 жылдан бастап 5 050 теңге төлемек. 3 АЕК, яғни 7 215 теңге төлеп келгендер енді 7 575 көлемінде ақша жұмсайды, ал көлемі зор темір тұлпарлардың қожайындары 281 385 (117 АЕК ) теңгенің орнына, 2019 жылы 295 425 теңге көлеміндегі қаржысынан қағылады.
Фото: pkzsk.info
zhasalash.kz