Орталық Азиядағы су тапшылыған көз ашпай келе жатқан төрт ұлт бар: қазақ, өзбек, түркімен және қарақалпақ.

78

Еліміздің экожүйесіндегі теңіз, көл және өзендер өз бастауын: көршілес Қытай, Ресей және Қырғызстаннан алады. Сондықтан суға қатысты айтарымыз: «кісідегінің кілті – аспандаға» айналып отырған жайы бар. Бұрын Арал деп шырылаушы едік. Енді сол Аралдан да асқан кеп Каспий теңізінің басына түскелі отыр. Бұл туралы бір ғана қазақ қана емес, бүкіл әлем дабыл қағып, эколог ғалымдар болашақта аталған теңіз өзінің көлемін 37 пайызға дейін жоғалтады деп жатыр.

КАСПИЙДІҢ 37%-Ы ТОЛЫҚ ЖОЙЫЛЫП КЕТУІ МҮМКІН!

Нақытлап айтатын болсақ, бұған дейін «Nature» журналының бетінде «Save the Caspian Sea» жаһандық экологиялық қозғалысы Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі және оның қоршаған орта, инфрақұрылым мен аймақ экономикасына әсері туралы әлемге дабыл қаға алаңдаушылық білдірген еді. Басылымда ғалымдардың болжамы бойынша, Каспийдің 37%-ы толық жойылып кетуі мүмкін деген үрейлі ақпар еліміздің тұрғыдарын дүр сілкіндірді.

Иә, Каспий тағдыры – Рсейдің қолында. Бұлай дейтініміз осы теңізге құятын судың 90 пайызы солтүстік көршіміздің еншісінде. Қалған елдерге тиселісі 10 пайыз ғана.

КАСПИЙ – АРАЛДЫҢ КЕБІН ҚҰШПАСЫН!

Бірақ барлық экономикасын Украинамен соғысқа жұмылдырған һәм санкция қыспағындағы Ресей бұл проблемаға пысқырып та қарамайды. Қалған төрт мемлекет қана шыр-пыр болуда. Сонымен осы аймақтағы бес мемлекеттің екеуі әлемдік әзірейілге айналған елдер болғандықтан, олардан қайыр шамалы. Сондықтан осы мәселе «Каспий – Аралдың кебін құшпасын» деп қазақ қоғамын шындап ойландыра бастады. Және бұл өңірлердегі жұрттың 90 пайызы титулды ұлттың өкілдері. Сол себепті зардапты шегетін де қарапайым қазақ деген сөз. Атомнан аза бойы қаза болған қазақ енді – экологиялық апаттың зұлматына ұшырамақшы.

Ақтау халықаралық теңіз сауда порты бөлімінің басшысы Ерболат Тілепиевтің дерегінше: Кемелермен тасымалданатын жүк көлемі бір рейс үшін шамамен 1000 тоннаға төмендеді. Егер бұрын құрғақ жүктер бір сапарда 6500 тоннаға дейін тасымалданса, енді — 5500 тонна ғана. Мұнай танкерлері де осындай қиындықтарға тап болды. Теңіз деңгейінің төмендеуі кеме қатынасына қолбайлау бола бастағаны ашық сөз етілді. Үкімет те осыны ескере бастады.

МИНИСТР: КАСПИЙГЕ ҚҰЯТЫН СУДЫҢ 90 ПАЙЫЗЫ РЕСЕЙ АУМАҒЫНАН КЕЛЕДІ

Иә, осыны жақсы ұғынған ел үкіметі де алдын ала қам қыла бастады. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов журналистерге Каспий теңізіне келетін судың ағысы, әсіресе Еділ өзенінен келетін көлемі жөнінде: «Каспий теңізіне келсек – иә, ондағы судың 90 пайызы Ресей аумағынан келетін ағыс. Оның 85 пайызы – Еділ өзенінен. Айта кету керек, 2013 жылдан бастап Каспий маңындағы 5 мемлекет бірлескен жұмыс комиссиясын құрды. Соңғы кездесу Бакуде өткен СОР29 аясында өтті, сол жерде бірлескен декларация қабылданды. Сондықтан Каспий теңізіне қатысты барлық мәселелер сол комиссия аясында талқыланады», – деп, түсініктеме берді (ulysmedia.kz сайты).

Каспий теңізіне қатысты министрдің тағы бір айтқаны:

– Иә, су деңгейінің төмендеп бара жатқаны бізді де алаңдатып отыр. Сондықтан бұл мәселелер екіжақты тәртіпте қаралып жатыр – әрі Ресеймен, әрі Әзербайжанмен. Бұл қалыпты келіссөз процесі, мен бұл келіссөздерді 2015 жылдан бері жүргізіп келемін. Ең бастысы – Ресейге су үшін ешқандай ақша төлемейміз, — деді.

ӘЗЕРБАЙЖАН ҰСЫНЫСЫ: КАСПИЙ МЕН ҚАРА ТЕҢІЗДІ ЖЕРАСТЫ ТОННЕЛІ

Ендігі үміт Әзербайжан тарапы ұсынған Каспий мен Қара теңізді жерасты тоннелі арқылы жалғастыру ғасырлық мегажобасы. Бұл жобаны қаржыландыруға осы аймақтағы саяси беделін һәм экономикалық үстемдігін нығайту үшін Қытай жағы да құлық тантып отыр. Жағдайды тек Гүржістан бағытындағы жерасты тоннелі шешеді.

«Minval.az» порталының мәліметінше, бұл бастаманы ADOG компаниясы мен Зира халықаралық порты көтерген. Жобаға сәйкес, диаметрі 10 метр болатын жер асты арнасын салу ұсынылады, ол арқылы Қара теңізден су деңгейлердің табиғи айырмашылығының арқасында Каспийге сорғыларды қолданбай-ақ келетін болады.

ДАНИЯ-ГЕРМАНИЯ МЫСАЛЫ: ФЕМАРНБЕЛЬТ ТОННЕЛІ

Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, заманауи технологиялар мұндай идеяны керекті қаржыландыру болған жағдайда іске асыруға мүмкіндік береді. Мысал ретінде олар Дания мен Германия арасындағы Фемарнбельт тоннелін келтіреді, оның құрылысы 2021 жылғы шілдеде басталған және 2029 жылы аяқталуы тиіс. Оның ұзындығы 18 км, ал құны шамамен 8,5 миллиард еуроны құрайды. Жоба аясында жерасты теміржолдары мен төрт жолақты автомагистраль салынуда. Пайдалануға берілгеннен кейін екі ел арасындағы жол жүру уақыты пойызбен 7 минутқа дейін және автомобильмен 10 минутқа дейін қысқарады.

Идея авторлары Каспий мен Қара теңізді, әсіресе Грузия тарапынан біріктіру түркі мемлекеттерін теңдессіз жақындастыруға мүмкіндік береді деп санайды. Бұл ретте әңгіме теміржол немесе автотоннель туралы емес, Қара теңізден Каспий теңізіне су ағыны өтетін су арнасы туралы болып отыр.

Авторлардың көзқарасы бойынша, бұл соңғы жылдары су деңгейі айтарлықтай төмендеген Каспийдің таяздануы проблемасының шешімі болуы мүмкін. Егер жағдай Арал сценарийі бойынша дамитын болса, бұл жағалау маңындағы барлық мемлекеттер үшін ауыр экологиялық, экономикалық және инфрақұрылымдық салдарға әкеп соқтырады.

Әзербайжан ағайындар апаттың алдын алуға қам қылды. Ендігі қалғаны басқа 4 елдің қаржылық  қолдауы мен ынтымақтаса келісуі ғана.

Mezgil.kz