ЕҢБЕК ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ – АСТАНАДАН БАСТАЛДЫ

56
2025 жылдың шілдесі – Қазақстан кәсіподақ қозғалысының тарихында ерекше белес. Астана қаласында бір апта ішінде екі бірдей ауқымды оқиға өтті: Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің Жазғы мектебі және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVII Съезі.
Мен бұл тарихи сәттердің куәсі ғана емес, тікелей қатысушысы болғанымды зор мақтанышпен айтқым келеді.
9–10 шілде күндері өткен Жазғы мектеп – жай конференция емес, әлемнің 50-ден астам елінен келген кәсіподақ көшбасшылары мен еңбек саласындағы сарапшылар бас қосқан үлкен диалог алаңы болды. Жиынның басты тақырыбы – «Ұжымдық келіссөздер және жұмыс орнындағы демократия» – бүгінгі заманның ең өзекті сұрақтарын көтерді.
Халықаралық аренада Қазақстанның беделін биіктеткен бұл форумға қатысушылар қатарында: мен еңбек саласының беделді тұлғалары қатысты. Олардың қатарында:
— Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас хатшысы Люк Триангл;
— Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Еңбеккерлер қызметі бюросының директоры Мария Хелена Андре;
— ХЕҰ / ACTRAV -ның Еуропа және Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Сергеюс Гловацкас,
— Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің (ХКК БЕАК) Бас хатшысы Эстер Линч;
— UNI Global Union, Жаhандық кәсіподақ ұйымы IndustriALL, Еуропа кәсіподақтары конфедерациясының (ЕКК) сынды ұйымдардың өкілдері болды.
Қазақстан атынан ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Даулеталин бастаған делегация еңбек адамын қорғаудағы өзекті мәселелерді нақты деректермен көтеріп, еліміздің тәжірибесін паш етті.
Жазғы мектептің ізімен өткен XXVII Съез – біздің ортақ еңбегіміздің нәтижесін саралап, алдағы бағытты нақты айқындаған маңызды жиын болды. Съезге еліміздің барлық өңірінен келген 227 делегат пен 40-тан астам шетелдік өкілдері қатысты.
Съезд барысында:
• ҚРКФ-ның 2020–2025 жылдардағы жұмысы тыңдалды;
• 2025–2030 жылдарға арналған жаңа Стратегия қабылданды;
• Федерация Жарғысына өзгерістер енгізілді;
• Бас кеңестің жаңа құрамы бекітілді.
Басты жаңалық – Сатыбалды Даулеталин делегаттардың бірауыздан қолдауымен ҚРКФ төрағасы лауазымына қайта сайланды. Бұл – еңбек адамын қорғауға бағытталған ұстанымның, әділдік пен жүйелі еңбектің әділ бағасы.
Съезге қатысқан шетелдік делегациялар Федерацияның халықаралық бастамаларына жоғары баға беріп, Қазақстан кәсіподақтарының әлемдік еңбек күн тәртібіне қосып отырған нақты үлесін атап өтті. Бұл сенім – жылдар бойғы қажырлы еңбектің жемісі.
Біз не үшін жиналдық?
Бұл форумдар мен Съезд – тек есеп беру немесе жоспарлау алаңы емес. Бұл – еңбек адамының тағдырын шешетін кеңістік. Бұл – әділет пен адал еңбектің үні.
Астанада айтылған әрбір сөз, қабылданған әрбір шешім – еліміздегі әлеуметтік тұрақтылықты, ұжымдық келіссөздер мәдениетін, еңбек адамына деген құрметті арттыруға бағытталған нақты қадам.
Бүгінгі таңда кәсіподақ – келіссөздің де, күрестің де, құрылыстың да ортасында. Ал біз – сол қозғалыстың бел ортасындағы сенімді серіктеспіз.
Құрметпен, Бауыржан Әлтеев