СЕНАТ ДЕПУТАТЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР САЛАСЫ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

34
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Айгүл Қапбарова мәдениет және өнер саласының қызметкерлерімен кездесті.
Іс-шараның мақсаты – саладағы өзекті мәселелерді талқылау, сала мамандарының ұсыныс-пікірлерін тыңдау және оларды заңнамалық деңгейде қолдау мүмкіндіктерін қарастыру болды.
Кездесу барысында Айгүл Жарылқасынқызы мәдениет пен өнердің ел дамуындағы маңызды рөлін атап өтіп, қазіргі уақытта атқарылып жатқан заңнамалық өзгерістер жөнінде кеңінен ақпарат берді.
– Бүгінгі кездесу – мәдениет және өнер саласындағы нақты мәселелерді көтеруге, ұсыныстар айтуға және оларды заң шығарушы орган – Сенат деңгейіне дейін жеткізуге тиімді мүмкіндік. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленіп жатқан заңдардың барлығы халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Мәселен, «Мәдениет туралы» заңға енгізілген өзгерістер нәтижесінде «мәдениет ұйымы» және «мәдениет қызметкері» ұғымдары заңнамалық тұрғыда нақты айқындалды. Бұған дейін бұл терминдер тек бейресми деңгейде қолданылып келген болатын. Енді олар құқықтық негізде бекітіліп отыр. Бұл өзгерістер мәдениет қызметкерлерінің мәртебесін арттырып, олардың кәсіби дамуына оң ықпал етеді деп санаймын, – деді сенатор.
Сонымен қатар, ұлттық деңгейдегі мәдени-шығармашылық ұйымдарға ерекше мәртебе беру критерийлері енгізілгені айтылды. Кездесу аясында креативті индустрияны дамытуға бағытталған жаңа нормалар туралы да кеңінен сөз қозғалды. Бұл нормалар театрлар, мұражайлар және өзге де мәдениет мекемелеріне қатысты ішкі басқару, көркемдік кеңестердің ережелерін бекіту секілді ұйымдастырушылық процестерді реттеуге арналған.
Кездесу барысында, мәдениет саласындағы мамандар мен өнер қайраткерлері өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, ұлттық мәдени мұраны сақтауды және дамытудағы өзекті мәселелерді көтерді. Сонымен қатар, мәдениет пен өнер саласының қазіргі жағдайын жақсарту үшін жаңа бағдарламалар мен мемлекеттік қолдауларды арттыру қажеттігі де айтылды. Сенатор Айгүл Қапбарова бұл ұсыныстарды тыңдап, оларды заңнамалық тұрғыда қарастырып, жүзеге асыру үшін қажетті шараларды қабылдайтынын айтты. Оның сөзінше, мәдениет қызметкерлерінің жұмыс жағдайын жақсарту, олардың құқықтарын қорғау және кәсіби өсу мүмкіндіктерін кеңейту – алдағы уақытта маңызды бағыттардың бірі болмақ. Осылайша, кездесу Қазақстанның мәдениет және өнер саласын дамыту жолында тағы бір қадам жасалған маңызды алаң болды.