«Қазақстан халқына» қоры құрылғалы елімізде әлеуметтік маңызы жоғары жобалар жүйелі түрде іске асып келеді. Бұл туралы Қордың қайырымдылық бағдарламаларын үйлестіру орталығының басшысы Шыңғыс Шарапиев мәлім етті.
– Биыл 1 шілдеге дейін Қорға 267 миллиард теңгеге жуық қаражат түсті. Оның 215 миллиарды қайырымдылыққа жұмсалды. Ал Шымкент қаласына келсек, мұнда үш жыл ішінде жалпы сомасы 12 миллиард 195 миллион теңгенің жобалары жүзеге асырылды. Оның ішінде денсаулық сақтау саласына 10,5 миллиард теңге бағытталды. Бұл қаражат дәрі-дәрмек сатып алуға, онкологиялық және сирек кездесетін ауруларға шалдыққан науқастарды қолдауға жұмсалды, – деді ол.
Шымкентте Қордың қолдауымен 18 жоба жүзеге асырылған. Соның ішінде 7 жоба – әлеуметтік маңызы бар нақты нысандар. Бүгінгі баспасөз турына таңдалған 6 нысан – дәл осы бағыттағы жобалар. Ал жетінші жоба – офтальмологиялық скрининг жүргізуге арналған құрал-жабдықтармен жабдықтау бастамасы. Қалған 11 жобада дәрігерлердің біліктілігін арттыру, білім беру гранттары және өзге де салалар қамтылған. Шыңғыс Шарапиевтің айтуынша, мұндай әлеуметтік жобаға қатысу үшін сайт арқылы қорға өтінім беру керек.
– Қордың жұмысында жүйе мен нақты жоспарға басымдық берілген. Жобаларға өтініш сайт арқылы ғана қабылданады. Әрбір ұсыныс сараптамадан өтеді. Жобалар жүзеге асқаннан кейін мониторинг жүргізетін арнайы серіктестік тетігі бар. Тексеру жұмыстары әр жарты жыл сайын арнайы ұйымдастырылады. Бүгінде Қызылорда, Павлодар, Семей және Шымкент қалаларында пилоттық негізде мониторинг іске қосылды. Бұл – жобалардың тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етудің маңызды құралы, – деп нақтылады қор өкілі.
Қордың болашақ жоспарына да тоқталды. Атап айтқанда, биыл Шымкент қаласында ангар типті 2 спорт кешенінің құрылысы жоспарланған. Әр нысанның құны – 200 миллион теңге. Сонымен қатар, мәдениет саласында да жаңа жоба жүзеге аспақ.